Алматыда Тәуелсіздік мерекесінде 200-ден астам бала дүниеге келді

Алматыда Тәуелсіздік мерекесінде 200-ден астам бала дүниеге келді
almaty-akshamy.kz

Жаңа туған нәрестелерге мереке күніне орай «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді

Алматыда мереке күндері дүниеге келген 215 нәрестеге табысталған «Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан бөлек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!» - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

«Алматы қаласы бойынша мереке күндері 215 бала дүниеге келді. Арнайы бірнеше күн Президенттің құттықтауы мен сәби бокстарын жеткізу үшін, оларды дайындау жұмыстары жүргізілді", - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Құралбекұлы Бекжүнісов.

Барлық baby-бокстар иелеріне уақытылы жеткізіліп, өз кезегінде аналар да алғыстарын білдірді.

 «Дүниеге сәбиіміз келіп бір қуансақ, «Сүйінші» қорабын алып қуанышымыз еселеніп жатыр. Оның үстіне сәбиіміз мереке күні дүниеге келді... Қуанышымда шек жоқ. Президенттің өзі құттықтау хатын жолдап жатса, неге қуанбасқа?! Балам Қазақстан Республикасының бақытты балаларының бірі болып өседі деп сенемін! Өмірге алғашқы келген күннен құрметке ие болып жатыр... Елімізде аналар да, балалар да бақытты болсын!» - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ескелдинова Гүлфия Еділханқызы.  

«16 желтоқсан - мереке күні менің ұлым дүниеге келді. Өте бақыттымын. Оған Саян есімі берілді. Ол біздің үшінші баламыз. Бүгін бізге Президенттің құттықтауы мен сыйлық әкелді. Күтпеген, керемет жағымды жаңалық болды. Қорапта ана мен балаға қажет нәрсенің бәрі бар. Ұйымдастырушыларға рахмет! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, халқымызға бақыт, өркендеу, сәттілік, денсаулық тілеймін. Елімізде бәрі жақсы болсын!»- деді Динара.

Ал жалпы еліміз бойынша Тәуелсіздік күні дүниеге келген 2 мыңнан астам сәбиге baby-бокстар сыйға тартылғанын айта кету қажет.