Алматыда Республика күніне орай жаңа спорт кешені ашылды

Алматыда Республика күніне орай жаңа спорт кешені ашылды

Бүгін Алматы қаласының «Айнабұлақ-2» ықшамауданында Ainabulaq атты жаңа шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Аталмыш іс-шараға Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев және қалалық спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин қатысты. А.Қырықбаев ашылу салтанаты кезінде сөз сөйлеп, Жетісу ауданының тұрғындары мен спортсүйер қауым алдында жаңа кешеннің ашылуына байланысты жылы лебізін білдірді:

- Баршаңызды Алматы қаласының басшысы атынан үлкен ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бәрі тұспа тұс келіп тұрған күні Жетісу ауданында биыл жаңа спорт кешенінің ашылуында екінші рет бас қосып отырмыз. Спорт кешеніне келген адамдардың көптігіне қарап, бұл жердегі үйірмелер қала тұрғындары арасында сұранысқа ие екеніне көзіміз жетті. Әлі де үлкен жоспарларымыз бар. 2030-жылға дейінгі аралықта жыл сайын кем дегенде 3 спорт кешенін ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі болатын сайыстарда шын мықтылар жеңіске жетсін, – деді Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Спорт кешені балаларға бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік ашу және оларды салуатты өмір салтына баулу мақсатында салынды. Кешеннің жалпы ауданы – 3900 шаршы метр. Мұнда бір күнде Алматы қаласы спорт басқармасына қарасты 82 кәсіби жаттықтырушысының басшылығымен 17 спорт түрінен 900 жас спортшы қатыса алады.

- Бүгін жаңа спорт кешені ашылып жатыр. Бұл жастар үшін өте үлкен мүмкіндік. Оларды шыңдап, өздерін биік деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін орталық. Сондықтан барлығын спортпен айналысуға шақырамын, спорт – денсаулық кепілі, – деді қоян-қолтық ұрыс түрінен үйірме қатысушысы Шынар Кенжебаева.

Ainabulaq шынықтыру-сауықтыру кешенінде баскетбол, футзал, волейбол, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, самбо, муайтай және кикбоксинг секциялары мен өзге де спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылады. Айта кеткен жөн, бұл спорт кешені тек оқу-жаттығу процесіне ғана емес, сонымен қатар қалалық және республикалық турнирлерді ұйымдастыруға және өткізуге арналған.

Салтанатты ашылу салтанатынан кейін боз кілемде әртүрлі спорт шеберлері өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, спорт үйірмелерінің өкілдері барлық ниет білдірген балаларды жазып алып, қабылдау жүргізді.