Алматы облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

Алматы облысында жол апатынан бес адам қаза тапты
Сурет: Sputnik.kz

Кәмелетке толмаған үш бала жарақат алған.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, бес адам қаза тауып, үш кәмелетке толмаған бала зардап шекті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Алматы – Шонжы тасжолында жантүршігерлік жол апаты болған жерде түсірілген видео тарап кетті. Жазба авторының айтуынша, апат көліктердің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан болған.

Алматы облыстық полициясының мәліметінше, 6 тамыз күні кешкі сағат 20:40 шамасында Еңбекшіқазақ ауданында Audi және Renault көліктері соқтығысқан. Audi көлігінің 22 жастағы жүргізушісі Алматы – Көкпек – Көктал автожолымен шығыс бағытта келе жатып, рөлді басқара алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.

«Оқиға орнында бес адам қаза тапты. Түрлі дене жарақатымен үш кәмелетке толмаған бала Шелек ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Осы факті бойынша Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімі Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғап, барлық қажетті сараптаманы тағайындады», - деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.