Алматыда ресми тіркелген қанша діни бірлестік пен конфессия бар

Алматыда ресми тіркелген қанша діни бірлестік пен конфессия бар
Сурет: ашық дереккөз

 Алматыда 17 конфессия бар, сондай-ақ, ресми тіркелген 190 діни бірлестік жұмыс істейді.

Бұл туралы Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы — миллиондаған халқы бар үлкен мегаполис. Тиісінше, адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым олар әртүрлі дінді ұстанады.

Егер Республикада 18 түрлі конфессия тіркелген болса, Алматыда 17 конфессия бар. 190 ресми тіркелген діни бірлестік жұмыс істейді. Аталған діни бірлестіктердің қызметі Заңмен реттеледі. Егер де қандай да бір құқық бұзушылықтар болған жағдайда сәйкесінше шаралар қабылданады.

Ресми тіркелген діни бірлестіктерден бөлек, қоғамда деструктивті сипаттағы діни ағымдар да бар. Бұл діни ағымдардың басты ерекшелігі ешбір ресми тіркеуден өтпеген және қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығара отырып, оны мойындамайды. Осыған орай, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырушы жергілікті атқарушы орган ретінде алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес, әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Осыған орай, Басқарма тарапынан дінді ұстанатын немесе ұстанбайтын азаматтардың есебі жүргізілмейді.
Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма, сондай-ақ, жат ағымның соңынан еріп, опық жеген қала тұрғыны туралы мысал келтірді.

«Радикалды сипаттағы діни ағымның жетегіне еріп, Сирияға аттанған отандастарымыз 2019 жылы «Жусан» операциясы көмегімен Қазақстанға оралды. Кейбірі жұбайларынан айырылып, енді бірі балаларын жер қойнына тапсырып қайтты. Олардың қатарында алматылық Гаухар (есімі өзгертілген) бар. Гаухар Сирияға күйеуінің үгіттеуімен барған. Көп балалы ана жұбайымен ажырасқан соң басқа ұлттың азаматымен танысып, екінші рет отау құрған.

Бастапқыда иманжүзді болып көрініп, қолдау көрсеткен. Кейін дәстүрлі намазға тыйым салған. Радикалды сипаттағы діни ағымды ұстанатынын сол кезде түсінген. 2016 жылы ТМД елі арқылы Түркияға ұшып, күйеуі кейін оқу-жаттығуға кетіп, қайта оралмаған. Сирияда намаз оқымағандықтан Гаухар қудалауға ұшыраған. Әрі жергілікті тәртіпке бағынбағандықтан оны «тыңшы» деп атаған.

Кейіпкердің сөзінше ол жақта намаз оқымағандарды «кәпірлер» дейді. Түрлі жаман сөздерді айтады. Бірін-бірі ұрады, өлтіруден де қаймықпайды. Ол сол жақта жүріп, Қазақстанға жететін бейбіт елдің жоқ екенін түсінген», - деп хабарлады Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы.