Алматыда мас жігіт ойын алаңына бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан

Алматыда мас жігіт ойын алаңына бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан
Сурет: Polisia.kz

Бомба қойылғаны туралы хабарлама “102” пультіне сағат 19:00 шамасында келіп түскен.

Белгісіз біреу Рысқұлов және Момышұлы көшелерінің маңындағы балалар алаңына жарылғыш зат қойылғанын айтқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 «Нысанды жедел тексеру қоңыраудың жалған екенін анықтады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерімен терроризм актісі туралы әдейі жалған хабарлама айтып, қоңырау шалған адамды табу және анықтау қиын емес. Кешенді жедел іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. А.есімді азамат мас күйінде болды және неліктен жалған қоңырау шалғанын айта алмады. Ер адам жауапқа тартылады. Әдетте, лаңкестік актісі туралы жалған хабарламаның салдарынан халық арасында дүрбелең туындап, адамдардың едәуір бөлігі жарылғыш заттарды іздеуге және анықтауға алаңдайды, барлық төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылады», – деді Алатау аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің басшысы Құмарбек Кеншінбаев.

Сондай-ақ спикер лаңкестік актісі туралы қасақана жалған хабарлағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын атап өтті.