Алматыда көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды

Алматыда көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды
Сурет: Polisia.kz

ҚР Конституциясы күні қарсаңында Алматыда көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 28 жылдығына орай Алматы полиция гарнизонының 130-дан астам полиция қызметкері марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Polisia.kz-тің мәліметінше, мемлекеттік шараны тойлау бұрынғы Қазақ КСР Үкімет үйінің, қазіргі Қазақ-Британ университетінің тарихи залында өтті.

«Құрметті әріптестер! 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда халқымыз Қазақстанды зайырлы, құқықтық және унитарлы мемлекет деп жариялаған негізгі Заңды қабылдады. Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының алғашқы жылдарындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени реформалардың нәтижесі және сонымен қатар жаңа конституциялық қатынастардың қалыптасуына негіз болды. Конституцияның қабылдануымен еліміздің жаңа дәуірі басталды. Халық бірлігі, қоғамдық-рухани келісім, саяси тұрақтылық конституциялық құрылыстың негізгі іргетасы ретінде бүгінгі таңда қоғамымыздың ерекше құндылығы саналады. Әрбір полиция қызметкері қылмыспен және басқа да құқық бұзушылықтармен күресу, азаматтардың мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғау – құқық қорғау саласындағы басты конституциялық талаптардың бірі – заңдылықты қатаң сақтауға негізделгенін есте сақтауы керек. Бұл біздің кәсіби парызымыз, оны жоғары және сапалы орындау – Алматы қалалық ПД барша қызметкерлерінің абыройлы міндеті», – деді Арыстанғани Заппаров.