Алматыда карантиндік шараларды бұзу жалғасуда

Алматыда карантиндік шараларды бұзу жалғасуда
Сурет: Orenpirogova.ru

10 маусымнан 11 маусымға қараған түні қалада сегіз заң бұзушылық анықталды. Кальян шеккендерге 15 АЕК көлемінде айыппұл (43 755 теңге) салынады.

Алматының мониторинг топтары қолданыстағы шектеу шараларының сақталуын бақылау үшін күн сайын кәсіпкерлік нысандарға бақылау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мониторингтік топтардың айтуынша, келушілердің көптігіне байланысты нысандардың заңсыз қызметі әлі де тіркелуде. Ashyq жобасына кірмейтін мекемелер анықталды.

Мысалы, Бостандық ауданындағы 1Gog рестобарында заң бұзушылық болды. Мониторинг тобындағылардың айтуынша, бұл мекеме заңға қайшы әрекеттерімен тексерушілердің назарына бірнеше рет түскен болатын. Ashyq жобасына кірмейтіндіктен,рестобардың жұмыс жасауына рұқсат берілмеген.

Дегенмен тексерушілер 1Gog нысанының түнгі сағат 1-де жұмыс жасағанын анықтады. Іште 60-қа жуық адам болған. Көңіл көтеретін орынның есігі ашық. Нысан басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жинақталды.

Рестобардағы карантиндік шараларды бұзумен қатар, кальян шегу фактісі анықталды. Еске салсақ, қоғамдық орындарда кальянға толық тыйым салынған. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік кодекснің 441-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Кальян шегу үшін айыппұл 15 АЕК (43 755 теңге) құрайды.

Алматының санитарлық дәрігерлері кальянның зиянды қасиеттері туралы бірнеше рет айтқан, сол арқылы жұқпалы аурулар, соның ішінде коронавирус оңай таралады.

Медеу ауданының мониторингтік тобы маусымның 10-нан 11-не қараған түні Жібек жолы даңғылындағы Bacha түнгі клубында заң бұзушылықты анықтады. Мекемеде 80-ге жуық адам болған. Келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамаған.

Жауапкершілікке тарту туралы шешімді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қабылдайды. 

Тағы бір заң бұзушылық Бостандық ауданындағы «Вивальди» караокесінде орын алды. Көңіл көтеретін орын түнгі сағат 2.00-ден кейін жұмыс істеп, белгіленген жұмыс режимін бұзған.

Еске салсақ, жыл басынан тәртіп бұзушыларға қатысты 74 материал сотқа берілді. Осы жылы Алматыда 20 наурыз бен 11 маусым аралығында белгіленген шектеулерді бұзған 1112 жағдай анықталды. 

Анықталған нысандардың жалпы санының 724-і мейрамханалар, кафелер мен дүкендер, 135-і компьютерлік клубтар, 16-сы бильярд клубтары, 46-сы СПА-салондар, 29-ы монша, 2 кальян барлары, 36-ы караоке клубтары, 24-і лото клубтары, 1-і букмекерлік кеңсе, 23-і түнгі клубтар. Аудандық полиция басқармасына барлығы 3337 адам жеткізілді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға, түнгі клубтарға, рестобарларға, салтанатты іс-шараларға, тойларға, адам көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болуға шақырады.