Алматыда интернеттегі есірткі жарнамасымен кибер-волонтерлер күресетін болады

Алматыда интернеттегі есірткі жарнамасымен кибер-волонтерлер күресетін болады
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Алматы қаласының ӨКҚ алаңында есірткі қылмысымен күрес мәселелері және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына арналған брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

“Наркостоп” жобасының жетекшісі Нұржан Жакуповтың айтуынша, киберволонтердің міндеті – тыйым салынған препараттарды жарнамалау белгілері бар сілтемелер мен хабарландыруларды анықтау және бұл ақпаратты құқық қорғау органдарына беру.

«Дамыған технология дәуірінде есірткінің таралуы, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы да орын алуда. Тіпті Facebook желісінде есірткі сататын дүкеннің жарнамасы бар скриншоттарды бізге жіберген болатын. Қазір әртүрлі сайттар арқылы жастарды есірткіні таратуға тарту жағдайлары жиі кездеседі. Бұл қалай болады? Алдымен айлығы жоғары курьер жұмысына хабарландыру ілінеді. Әдетте мұндай бос жұмыс орындары студенттерге қолайлырақ. Жұмыс берушімен байланыс орнаған соң, есірткі дүкендерінің кураторлары жұмыстың мәні курьердің әдеттегі жұмысынан сәл өзгеше екенін және бұл есірткінің таралуын қамтитынын айтады. Сосын жұмысқа полиция араласады, олар өз кезегінде тергеу жүргізіп, құқық бұзушыларды жауапқа тартады», - деді ол.

Болашақ кибер-волонтерлерге арналған курсты әзірлеушілердің айтуынша, бұл үшін арнайы дағдылар қажет емес. Кибер-волонтер болу үшін “Наркостоп” жобасының әлеуметтік желідегі @narkostopkz парақшасына жазсаңыз болғаны.

«Курста оқу қысқа мерзімде өтеді. Бұл жұмыс белгілі бір уақытты бөлуді талап етпейді, адам белгілі бір сілтемелерді бақылап, анықтауға 5-10 минут немесе 2-3 сағат бөле алады. Ал біз өз кезегімізде алынған ақпаратты әрі қарай тергеу үшін құқық қорғау органдарына жібереміз», - деді Н.Жақыпов.

Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу шараларына қатысты “Наркостоп” жобасының волонтерлері Алматы полициясымен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар өткізуде. Қала қабырғаларындағы жарнамаларды бояумен қатар, мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері мен олардың ата-аналары үшін арнайы дәрістер өткізіледі. Осы және басқа да көптеген шараларға 3000-нан астам адам қатысты.

“Биыл полиция департаментімен бірлесе отырып, 100 мыңнан астам қабырғалардағы жарнаманы боядық. Осыған ұқсас 200-ден астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, біз интернетте және теледидарда есірткіге қарсы контент дайындадық. Қазақ тілінде есірткінің зияны туралы ақпарат аз екенін ескеріп, осы мәселеге көңіл бөлдік», - деп атап өтті “Наркостоп” жобасының жетекшісі.

Өз кезегінде Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Көбеев Дәурен хабарлағандай, қалада жосықсыз фармацевттер арасында іздестіру шаралары жүргізілуде.

«Осы аптада медициналық, есірткілік, психотроптық заттардың, сондай-ақ прекурсорлардың таралуын болдырмауға бағытталған «Дәрмек» оқу-өндірістік іс-шаралары өткізілуде. Жедел іздестіру шаралары фармацевтикалық бақылау қызметімен бірлесіп жүргізіледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурыз айында «трамадол» дәрі-дәрмектің жиынтық кестесіне енгізілгенін, яғни тегін алуға болатынын, тіпті дәрігердің рецептімен оны жай ғана сатуға болмайтынын атап өткен жөн», - деп түйіндеді сөзін Д.Көбеев.