Алматыда ержүрек полицейлерге құрмет көрсетілді

Алматыда ержүрек полицейлерге құрмет көрсетілді
Сурет: Polisia.kz

Жас полиция қызметкерлерінің жиынында “Ерлік сабағы” өтті

Алматы қалалық Полиция департаментінде ержүрек полицейлерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Жас полиция қызметкерлерінің жиынында “Ерлік сабағы” өтті. 

– Бұл жақсы дәстүрге айналған жыл сайынғы шара. Ол үнемі ІІО ардагерлерінің қатысуымен өтеді. Бұл жолы біз адамдарды құтқаруда, төтенше жағдайлар мен ауыр қылмыстардың жолын кесуде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін марапаттауды қостық. Мақсат – жас ұрпақты патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, сондай-ақ ішкі істер органдарының имиджін арттыру, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков. 

Шараға қатысушылардың қатарында – Түрксіб ауданының полиция қызметкерлері Нұржан Шатунов пен Ғазиз Хамасқалиев те болды. Еске салайық, бұл тәртіп сақшылары анасы сырттағы дәретханаға лақтырып кеткен жаңа туған нәрестені аман алып қалған болатын.

– Жас ұрпақ ержүрек әріптестерімізден үлгі алуы керек. Бұл полиция қызметкерлері өмірі мен денсаулығына қарамастан, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жолында Отанға аянбай қызмет етуде. Олар заманауи полиция қызметкеріне тән қасиеттерді лайықты алып жүр: кәсібилік, жауаптылық, әділдік және т.б., – деп түйіндеді Олжас Мырзабеков. 

Сондай-ақ спикер еліміздің ең ірі шаһарында тәулік бойы қауіпсіздікті 6 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз ететінін атап өтті.