Алматыда болған атысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыда болған атысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Сурет: Inbusiness.kz

Сот шешімін орындау кезінде 5 адам қаза болды: қайтыс болғандардың екеуі учаскелік полиция инспекторы мен сот орындаушысы

Аталған оқиға бүгін кешке шамамен 17.00 -де болды. Қайғылы жағдай екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде орын алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚазАқпарат агенттігінің ақпараты бойынша, сот шешімімен танысқан соң, жергілікті тұрғын үйге жүгіріп барып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Бес адам, оның ішінде қызметте болған екі полиция қызметкері, оқтан жарақат алып, көз жұмды.

«Күдікті арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен қару қолданылмай ұсталды, өйткені үйде әйелдер мен балалар болды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасалған қылмыс үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған»,- деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Атыс шыққан жерді полиция қоршауға алды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін кешке Алматыда атыс болып, 5 адамның қаза тапқанын хабарлаған едік.