Алматыда ауа райы бұзылады деп болжанып отыр

Алматыда ауа райы бұзылады деп болжанып отыр
almaty-akshamy.kz

«Қазгидромет» РМК болжауынша, Алматы қаласында 23 қараша, сонымен қатар, 29-30 қараша аралығында ауа-райы бұзылады: жел күшейіп, жауын-шашын түсіп, қар жауады, ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді. Жолдар мен тротуарларда көктайғақ болады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына сілтеме жасап.

Жолға мұз қатуы мүмкін, жүргізушілерді өте мұқият болуға, арақашықтықты, бүйірлік аралықты сақтауға, қолайсыз ауа-райын ескеріп, жылдамдықты асырмауға, шұғыл бұрылмауға және тежегішті бірден баспауға, жол белгілерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер жолда абайлап жүріп, мүмкіндігінше сақ болуы керек, жүргізуші сізді көріп, өткізіп жібергеніне көз жеткізіп, көлік құралы жауын-шашын кезінде, әсіресе көктайғақта бірден тоқтай алмайтынын есте сақтау қажет.

Аудан әкімдіктерінде жағдайды бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Судың арық арқылы кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету үшін 22 қараша күні таңертең аудан әкімдіктері 42 бригаданың күшімен арық желілері мен өткелдерді тазарту жұмыстарын ұйымдастырды. Жауын-шашын басталғаннан бастап ықтимал су басудың алдын алу үшін 37 кезекші бригада, 168 бірлік арнайы техника, 23 мотопомпа және 524 жұмысшы жұмылдырылады. 1900 қап құм жиналады.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көктайғаққа қарсы жұмысқа 10 мердігер ұйым, 818 бірлік техника мен 1240 жұмысшы жұмылдырады. Коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жедел және сапалы жұмыс жүргізуі үшін көлік иелерінен мүмкіндігінше қалада қозғалысты шектей тұрып, көліктерін жолдың жиегіне қалдырмауын сұрайды.