Алматыда арзан бағаға азық-түлік жеткізіп беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды

Алматыда арзан бағаға азық-түлік жеткізіп беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды
Сурет: Alau.kz

Алматыда 33 жастағы алаяқ келіншек халықты алдап, 35 млн теңгені қолды еткен.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлім еткендей, күдікті жергілікті тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етемін деп алдап соққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Алматылық 33 жастағы әйелдің азық-түлікті базардан төмен бағамен жеткіземін деген желеумен ірі көлемде ақша алғаны анықталды. Қазіргі уақытта келтірілген материалдық шығын 35 млн теңгеден асады», - деп жазды Рустам Әбдірахманов өзінің Instagram -дағы парақшасында.

Қазіргі таңда ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. 1989 жылы туған әйелге қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

«Бүгінгі күні күдіктінің қала аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», - деп толықтырды полиция өкілі.