Алматыда алдағы үш жылда 36 мектеп пайдалануға беріледі

Алматыда алдағы үш жылда 36 мектеп пайдалануға беріледі
ngs-school.kz

- Алматы бюджетінің шамамен 44%-і (553,3 млрд теңге) әлеуметтік бағыттағы шығыстарға тиесілі, оның 75 пайыз үлесі немесе 416,5 млрд теңге білім беру саласына жұмсалады, - деді мәслихат сессиясында Ерболат Досаев.

Биыл 6000 орындық 4 жаңа мемлекеттік мектеп салынды. Қосымша 1800 орындық 2 мектеп сатып алынды.

Дегенмен оқушы орындарының тапшылығы проблемасы әлі де бар, бүгінде 19 120 оқушы орны тапшы. Болжам бойынша, 2030 жылға дейінгі мектеп жасындағы балалардың жыл сайынғы өсімі шамамен 13-14 мыңды құрайды, сондықтан орын тапшылығы проблемасы хронический (тұрақты) десе де болады.

Орын тапшылығы проблемасын түбегейлі шешу үшін Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға қолдау көрсетіп, 2030 жылға дейін бір ауысымды оқытуға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылдан бастап Алматы қаласында алдағы 3 жылдың ішінде республикалық бюджет есебінен 53 млрд. теңге сомасына 37 100 орындық 22 мектеп құрылысын бастау жоспарлануда.

Бұл ретте, жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд. теңгеге жер учаскелерін сатып алу және инфрақұрылым тарту мәселелері шешілетін болады.

Әкімдік «1000 мектеп» жобасын да іске асыруды жалғастыра береді, жоба шеңберінде 2023-2025 жылдары 27 150 орындық 36 мектеп пайдалануға беріледі. 2023 жылы  2 мектеп пен 4 қосымша құрылысты салуға 6,9 млрд. теңге бөлу жоспарлануда.

Осылайша, 2026 жылға дейінгі тапшылық басқарылатын деңгейге дейін төмендейді (3000-3500 орын).