Алматыдағы мемлекеттік цирк қайта ашылды

Алматыдағы мемлекеттік цирк қайта ашылды
Cурет: Almaty.tv

Уақытша карантиндік үзілістен кейін цирк әртістері көпшілікке су жаңа үздік қойылымдарын ұсынып отыр

Қазақ мемлекеттік циркі «Эксцентрика» атты бағдарламасымен өз көрермендеріне қайта есігін ашты. Уақытша карантиндік үзілістен кейін цирк әртістері көпшілікке су жаңа үздік қойылымдарын ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.     

Айта кету керек, аталған бағдарлама қайырымдылық негізінде балалар үйі тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған.

«Бүгінгі бағдарлама тек  балаларға ғана емес, сонымен қатар, ересектерге де қызықты болады деген ойдамын. Қойылым динамикалық түрде, үзіліссіз өтеді. Балалар үшін клоундар мен жануарлардан өзге, әуені бағындырған акробаттар өнер көрсетеді», – деді қоюшы режиссер Марина Редько.

Өз бастауын көшпелі өмір салтынан бастаған циркте батылдық танытпау, қайсар болмау мүмкін емес. Икемділік пен шеберліктің үйлесімін тапқан әуе гимнастикасы бүгінгі қойылымға өзгеше өң берді. Көрермендеріне ерекше нөмір әзірлеген әртістер бүгінгі тұсаукесерге тыңғылықты дайындалдық дейді.

«Менің қойылымым – адамдардың бір-біріне ғашық болған кездегі эмоциялары мен сезімдері туралы. Актерлік шеберлік пен цирк трюктерінің арқасында мен осы сезімдерді көремендерге жеткізетін боламын», – деді әуе гимнасы Ирина Храменко.