Алматы зообағындағы ерекше тырна

Алматы зообағындағы  ерекше тырна
Сурет: Ашық дереккөз

Тырна балапан күнінен рахит ауруына шалдыққан

Алматы хайуанаттар бағында 11 жылдан бері тұмсығы майысқан жапон тырнасы өмір сүріп келеді. Бұл туралы қалалық зообақ ұжымы Instagram-парақашасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Зообақтың мәліметінше, тырна балапан күнінен рахит ауруына шалдығып, тұмсығы майысып өскен. Оның тұмсығын түзету мүмкін болмаған. Алайда, ол тырнаның өмір сүруі мен тамақтануына кедергі емес.

«Бұл тырнаға жейтін азық арнайы биік ыдысқа салынып беріледі. Ол жарма, сұлы, арпа, бидай, сәбіз, ірімшік және ет пен балық жейді. Қисық тұмсықты тырнаның ұрғашы жұбы жыл сайын екі балапаннан туады. Бұл тырна өз балапандарына өте қамқор әке»,- деп жазылған ақпаратта.

Сондай-ақ зообақта кемшілігі бар жануарлар ерекше күтімге алынып, олардың өмір сүруіне қолдан келген барлық жағдай жасалатынын мәлім етті.

«Біздің зообақта бойында сан түрлі дерті бар, денесінде ақауы бар көптеген жануар мекендейді. Солардың бірі - Диана атты ягуар. Оның бір аяғы кемтар және құйрығы жоқ. Қол-аяғы дұрыс істемейтін сурикат, қанаты қайырылған жамансары сияқты жануарлар бар. Мұндай жарымжан жағдайда жануарлар жабайы табиғатта өмір сүре алмас еді. Зообақ оларды қамқорлыққа алып, жаңа өмір сыйлап отыр. Жануарларды қорғап, табиғатты аялайық», - дейді зообақ ұжымы.