Алматы облысында шекараны заңсыз кесіп өткен азамат ұсталды

Алматы облысында шекараны заңсыз кесіп өткен азамат ұсталды
Сурет:ҰҚК

Ол шекарашыларға қарулы қарсылық көрсеткен.

Кеген ауданының шекарашылары мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік азаматты ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 24 тамыз күні кешке Іле Алатауы жотасының тау шатқалдарының бірінде болған.

Айта кететіні, аталған аудан Қытаймен шектеседі.

«Тәртіп бұзушы шекарашының айқайлап айтқан тоқтау және құжаттарды көрсету туралы талабын естіп, аңшы мылтығынан әскерилерге оқ жаудырып, қарсылық көрсетіп, ізін жасыруға тырысқан», – деп жазылған хабарламада.

Ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Шекарашылардың өмірі мен денсаулығына ешқандай зиян келген жоқ, олар шекараның таулы учаскесінде қызметін жалғастырды. Ұстау кезінде көрсеткен батылдықтары пен табандылықтарын ескере отырып, әскери қызметшілерді көтермелеу мәселесі шешілуде», - деп жазылған хабарламада.