Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды
Сурет: ElDala.kz.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан 61 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жөнінде өңір әкімі Қанат Бозымбаев Ұйғыр ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жер мәселесімен арнайы облыстық комиссия айналысып жатыр. Қазір олар Панфилов ауданында жұмыс істеуде.

Облыс әкімінің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы 61 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 167 мың гектарға қатысты материал қаралып жатыр.

Қанат Бозымбаевпен кездесуде Ұйғыр ауданы тұрғындарының басым бөлігі егістік, жайлым жерлердің жоқтығына қатысты сұрақтар қойды.

«Облыс әкімі болғалы бері 12 аудан мен қалада тұрғындармен кездесу өткіздім. Осы кездесулерде әлеуметтік сипаттағы 200-ден астам проблемалық мәселе көтерілді. Бұл ретте әрбір ауданда пайдаланылмайтын жер учаскелері, жеке мал жаятын жайылымның жоқтығы туралы айтылды. Соңғы жылдары Ұйғыр ауданының тұрғындары жайылымдық және тұрғын үй құрылысы үшін жердің жетіспеуі, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс бойынша алу, ірі шаруашылықтардың пайдаланусыз жерлерін қайтару мәселелерін жиі көтеріп жүр. Суару жүйелерін жөндеуде аудан басшылығының нақты шаралар қабылдамауы да наразылық тудырып отыр», - деп атап өткен Қанат Бозымбаев осы мәселелерге байланысты аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берді.