Алматы облысында "Қазқұтқару-2023" халықаралық жиыны басталды

Алматы облысында "Қазқұтқару-2023" халықаралық жиыны басталды
Сурет: Ашық дереккөз

ТЖМ-нің 37 кинологиялық есептобы сертификаттау сынақтарынан өтеді

2023 жылдың 15 мамырында Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалында орналасқан "Жартасты қала-Астана" оқу – жаттығу полигонында Қазақстан Республикасы ТЖ вице-министрі М. М. Күлдіковтың басшылығымен "Қазқұтқару-2023" халықаралық жиын-семинарының 1-ші кезеңі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жиын-семинар аясында 15-16 мамыр аралығында дала жағдайында еліміздің барлық өңірлерінен 45 еріктіні тарта отырып, ТЖ-ға ден қою саласындағы еріктілердің республикалық форумы өтеді.

Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының қолдауымен 15-18 мамырдан бастап Қазақстан төтенше ведомстволары қызметкерлерінен - 45 адам, Қырғызстаннан – 2, Тәжікстан – 2 және Өзбекстаннан – 2 адамның қатысуымен ТЖ алдын алу және жою жөніндегі міндеттерді орындау үшін пилотсыз авиацияны қолдану бойынша мастер – тренинг және жарыстар, сондай-ақ 45 қызметкерінен тұратын Қазақстан және 2 қызметкерден тұратын Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан төтенше ведомстволарының кинологиялық есептоптарына арналған мастер-тренинг өткізіледі.

22-24 мамыр аралығында төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерді іздеу дағдыларын тексеру үшін ТЖМ-нің 37 кинологиялық есептобы сертификаттау сынақтарынан өтеді.

Сонымен қатар шетелдік мамандар төтенше жағдайларды жою бөлімшелерінің қызметкерлері үшін теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырады, облыстық ТЖ департаменттерінің барлығы 20 қызметкері жұмылдырылады.

Барлық семинарлар мен тренингтерге Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы мен Төтенше жағдайлар және табиғи зілзалалардың қаупін азайту орталығының қолдауымен Төтенше жағдайларды жою бойынша үлкен тәжірибесі бар халықаралық мамандар тартылды.

Жалпы, "Жартасты қала-Астана" оқу-жаттығу полигоны - құтқару жұмыстарының барлық түрлерін жүргізуге әмбебап бейімделген ТМД-ғы жалғыз полигон. Мұнда 20 мыңнан астам құтқарушы қайта даярлаудан өтті, жыл сайынғы кинологиялық қызмет сертификаттарын алады, сүңгуірлер мен альпинистер өз шеберліктерін жетілдіреді, құтқару авиациясы пилоттық дағдыларын пысықтайды, ел өңірлерінен құтқарушылар пайдалы ақпаратпен алмасады, жұмыс тәжірибесі мен құтқару технологияларымен бөліседі.

Жиын-семинардың бірінші кезеңі түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің төтенше ведомстволары құтқарушыларының біліктілігін арттыру жөніндегі халықаралық оқу – жаттығуларға дайындық іс-шараларының бір бөлігі болып табылады, ағымдағы жылдың қыркүйек айында "Жартасты қала-Астана"полигоны базасында жоспарланған.