Алматы облысында кәсіпкерді қорқытып-үркітіп, ақша бопсалағандар ұсталды

Алматы облысында кәсіпкерді қорқытып-үркітіп, ақша бопсалағандар ұсталды
Сурет: Ашық дереккөз

Олар күш қолдану арқылы Талғар қаласының кәсіпкерінен ақша мен қымбат көлікті талап еткен.

Алматы облысының полицейлері адам бопсалаушылар тобын ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

9 қыркүйекте Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ-ға белгісіз тұлғаларға қатысты жедел ақпарат келіп түсті. Олар күш қолдану арқылы Талғар қаласының кәсіпкерінен ақша мен қымбат көлікті талап еткен. Қылмыстық іс кәсіпкердің арызы негізінде Талғар ауданының ПБ-да ҚР ҚК-ның 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған бопсалау) бойынша тіркелді.

"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында арнайы бөлімшенің жауынгерлерінің қатысуымен Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері ақшалай қаражат алу кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары – 20-23 жас аралығындағы бес азаматты ұстады. Кінәлі тұлғалар ұсталып, Талғар ауданы ПБ УҰО-ға қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Қылмыстық іс бойынша тергеу барысы облыстық департаменттің басшылығымен бақылауға алынды.