Алматы әкімі Ерболат Досаев Еуропарламент депутаттарымен кездесті

Алматы әкімі Ерболат Досаев Еуропарламент депутаттарымен кездесті

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарқынды және дамып келе жатқан ынтымақтастықты атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Еуроодақ біздің еліміздің жаһандық сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады және Қазақстанның басты инвесторларының тізіміне кіреді. Тауар айналымы 2021 жылы 28,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 17,9%-ға жоғары. Алматыда ЕО елдері капиталының қатысуымен 713 бірлескен кәсіпорын және 1699 (Қазақстандағы 695 компаниядан) компания тіркелген.

Қала басшысы Еуропалық парламент делегациясының мүшелерін Алматы экономикасын қалпына келтіру жұмыстары, қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың алдағы жоспарлары туралы хабардар етті. 

Сондай-ақ, кездесу барысында азаматтық қоғамдастықпен және үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері көтерілді, олардың бүгінде қалада 4 мыңнан астамы бар (республика бойынша жалпы санының 20%-ы, ҚР-да-19 мыңнан астам). 

Кездесу соңында тараптар экономиканың басым бағыттары және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.