Алматы әкімдігі мен Mastercard Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Алматы әкімдігі мен Mastercard Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров пен Шығыс Еуропа аймағы бойынша Mastercard бөлімшесінің президенті Ясемин Бедир цифрлық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру мақсатында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Тараптар ынтымақтастық үшін бірқатар бағыттарды, соның ішінде қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінде инновациялық шешімдерді енгізуді айқындады. Mastercard корпорациясының Tourism Insights цифрлық платформасы, туристің мінез-құлық профилін жасауға, тұру орындары мен бару объектілерін таңдау кезінде оның қалауын бағалауға, динамикадағы әуежайдың кептелісін және т.б. бақылауға мүмкіндік береді, бұл туризм индустриясын дамыту үшін шешім қабылдауға көмектеседі.

«Бүгінгі қадам Алматының Smart City бағытында дамуын жеделдетуге, тұрғындар үшін де, шетелдік қонақтар үшін де қолайлы қалалық орта құруға, қаланың туристік әлеуетін кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Қол қойылған меморандум аясында тараптар Алматы қаласын Mastercard City Possible Network халықаралық желісіне қосу туралы уағдаласты.

«Mastercard басшылығының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Нью-Йоркте өткен кешегі кездесуінде, біз Орталық Азия мен ТМД-дағы Mastercard бизнесінің өңірлік орталығы Алматы болатынын жарияладық. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен әріптестік туралы бес жылдық келісімге қол қойдық, онда Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықтың басым тақырыптарының бірі ретінде  «ақылды қалалар» көрсетілген. Mastercard, бірлескен бастамаларды іске асыруда, Алматы әкімдігін технологиялармен және жаһандық сараптамамен қолдауға дайын», - деді Ясемин Бедир.

Mastercard – 60-тан астам елде 1600-ден астам мемлекеттік жобаларды жүргізетін жаһандық төлем және технологиялық компания. Қазақстанда компания төлемдерді цифрландыру есебінен қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытуға белсенді қатысып, 20 жылдан астам жұмыс істейді.