Академияның қасбет жазуы түзетілсін!

Академияның қасбет жазуы түзетілсін!
Суретті түсірген автор

Үйдің жанында болған соң қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ұлттық Ғылым академиясының ғимараты жанынан жиі өтемін. Әншейінде зер салып қарай бермейді екенбіз. Кеше Шевченко көшесі жағынан зер салып қарасам ғимараттың қасбетінің маңдайында қазақша «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деп, астында орысша «Академия наук Казахской ССР» деген көне жазуы көзге ұрып тұр. Бұл жөндеуден өткеннен соңғы қалпы! Оның бұрынғы атауын қазіргі тәуелсіздік кезеңіне кім тықпалап жүр?

Иә, Қазақ ССР Ғылым Академиясы арнайы қаулымен 1946 жылғы 1 маусымда құрылғаны баршаға мәлім. Ол 1993 жылы 21 қаңтарда Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» болып қайта құрылған. Яғни мемлекеттің тәуелсіздік алуына байланысты мәртебесі өзгертілді.

2023 жылғы 27 наурызда «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №152 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгертілді. Араға жарты ай салып Үкіметтің де осындай қаулысы шықты.

2023 жылы 11 сәуірде Күнсұлу Дальтонқызы Закария «Қазақ ССР Ғылым академиясының» емес, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды.

Дәл бүгінгі таңда бұл ғылым ордасының атауы ресми құжаттарда көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы»!

Ал жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан ғимараттың маңдайшасындағы қазақша «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деп, орысша «Академия наук Казахской ССР» деп жазылған жазулар саяси қате! Бұл кешегі кеңестік отаршыл жүйенің қалдығы! Сондықтан ғылымның қасиетті қара шаңырағындағы қасбет жазуы түзетілуге тиіс!