Әлеуметтік желіде фейк-парақшалар ашып, өтірік iPhone сатқандар ұсталды

Әлеуметтік желіде фейк-парақшалар ашып, өтірік iPhone сатқандар ұсталды
Сурет: Ашық дереккөз

Күдіктілер Алматы қаласының тұрғындары болып шықты

Күдіктілер Атырауда ұсталды. 18-20 сәуір аралығында өңір аумағында "Anti-fraud" іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаменті және Талдықорған қалалық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес кызметкерлері бірлесіп қылмыстық топты анықтап, ұстады.

"Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы жалған парақша ашып, Iphone телефонын саудалап, алаяқтық әрекетімен айналысқан. Нарықтағы бағадан арзан смартфон аламын деген тұрғындар ақшасынан оңай айырылып қалған. Ал алаяқтар ақшаларды қолма-қол шығару арқылы дропперлерге аударып, кейін өздерінің есепшоттарына аударып отырған. Жәбірленушілер арасында Семей, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Шымкент, Орал қалалары, Ұлытау, Павлодар облыстарының тұрғындары бар", - дейді полициядағылар.

Ұсталған 18 жастағы және 56 жастағы күдіктілер Алматы қаласының тұрғындары екені анықталды. Тексеру кезінде екі IPhone 14 және IPhone 12, IPhone 6s , Samsung, ноутбук, 12 SIM-карта, Beeline модемі, түбіртектер тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуық екені анықталды.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-баптың 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.