Адамдардың спортқа деген қызығушылығы көңіл қуантады – Нұрлан Қоянбаев

Адамдардың спортқа деген қызығушылығы көңіл қуантады – Нұрлан Қоянбаев

Президент Телерадиокешенінің креатив директоры, продюсер Нұрлан Қоянбаев Алматыда өтіп жатқан «Tartyl Fest» фестивалі туралы пікірін бөлісті. 

- 4-5 ай бұрын әртүрлі сұхбаттарда бұқаралық спортты дамыту туралы айтқанмын. Барлық адамдардың қол жететіндей мүмкіндік жасасақ деген ой болған. Жақында Қазақстан Президентінің қолдауымен «Дара» дарындыларды қолдау» қоры ашылды. Бұл қор ел ішінде осындай ірі шаралар өткізіп, мықты-мықты азаматтарымызды іріктеп, оларды әлемдік жарыстарға алып баратын көпір болуы керек. Басты мақсатымыз – осы. Егер осындай фестивалдерден өз жолын бастап, халықаралық сайыстарда жігіттеріміз жүлделі орындар алып жатса, бұл жастарымыз үшін үлкен өнеге болады. Сондай-ақ бұқаралық спорттың дамуына үлкен үлес қосады.

«Tartyl Fest» – «Дара» дарындыларды қолдау» қоры ұйымдастырған алғашқы шара. Фестиваль бұған дейін Талдықорған және Қонаев қалаларында өтті.

Бүгінгі шараны тек жарыс ретінде емес, мереке ретінде ұйымдастырғымыз келді. Дегенмен осынша көп адам келеді деп ойламадық. Адамдардың спортқа деген қызығушылығы көңіл қуантады. Жалпы фестивальде жарыстан бөлек, концерт те музыка да болады. Оның себебі, қазір әлеуметтік желілерде, ел арасында негатив көп. «Әрекет бар да, берекет бар» демекші, осы күні Алматы халқына қуаныш сыйлайтындай шара өткізгіміз келді.

Мен өзім таңертең келіп, 4 рет тартылдым. Онда тұрған ешқандай ұят жоқ. Бұл көрсеткішке әр қалада екі реттен қосып тұрмақпын. Жарыс өзі 60 күн болады. Барлық 20 қаланы аралап болғанда, 15-20 рет тартыламын деген ниеттемін. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым. Осы челлендж арқылы жастарға күнделікті спортпен айналысудың пайдасын көрсетіп, дәріптегім келеді.

Тағы бір мақсатымыз – фестивалді жыл сайын өткізу. Бұл шара жылда өткізілетін болса, алдағы 5-6 жылда спортқа қызығатын, денесі шыныққан миллондаған азамат тәрбиелейміз деген ойдамын.