Ақсай қаласында еліміздің көк байрағы 50 метр биіктіктен желбіреп тұр

Ақсай қаласында еліміздің көк байрағы 50 метр биіктіктен желбіреп тұр
Сурет: Egemen.kz

Ақсай қаласында алып тутұ­ғыр орнатылды. 


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында ашылған 50 метрлік тутұ­ғырды орнату үшін жергілікті кәсіпкерлер 60 млн теңге қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябақтың төбесінен желбірейтін алып тудың көлемі 8х16 метр екен.

 «Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қандай қымбат болса, мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек»,– деді тутұғырдың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.

Белгілі әнде айтылғандай, көк тудың желбірегені талай жанның жанына қуат берері сөзсіз. Кеңес заманында орысқолдау көрінетін Бөрлі ауданы соңғы жылдары ерекше қазақыланып, күннен-күнге жасарып келе жатқанын жергілікті жұрт та, меймандар да жиі айтады. Мәселен, биылғы Қала күні мейрамында шаһардың басты мәдени шарасы – «Ақсайым арқау жырыма» тақырыбында облыстық ақындар айтысы болды. Белгілі ақын, айтыс жанашыры Бауыржан Халиолла айтқандай, Ақсай қаласы – Батыс Қазақстандағы мәдениеттің астанасы деуге болатындай дәрежеге жетіпті.

Сонымен, 14 өнерпаз қатысқан облыстық ақын­дар айтысының бас жүлдесін бөрлілік Жар­қынбек Шынтаев, бірінші орында Ақжайық ауданынан келген Бекболат Қаленов жеңіп алды. Екінші-үшінші орындарды қаратөбелік Райымбек Өтепов пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов бөлісті. Бөкей Ордасы ауданының намысын қорғаған Жансая Мусина Бөрлі ауданының әкімі атындағы арнайы жүлдеге, Ақжайық ауданынан келген Санат Мұханбетжанов Марабай жырау атындағы арнайы жүлдеге ие болды.