2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға өседі

2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға өседі
Сурет: Egemen.kz

 Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Өздеріңіз білетіндей, жаңа Әлеуметтік кодексті Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойды. Ол 1шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Кодексте ұсынылып отырған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін қайта ретке келтіруге мүмкіндік береді. Жалпы, Кодекс халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша, әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша барлық заңнама бір жүйеге келтірілді», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, Әлеуметтік кодексте күші жойылған 10 заңның негізгі нормалары сақталды.

Сонымен қатар бірқатар жаңа ережелер қарастырылған. Олардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

«Кодекстің маңызды жаңалығының бірі зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру болып табылады. Биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға өсетін болады. Яғни, 2 миллионнан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтар өздерінің зейнетақы активінің 50 пайызын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы болады. Жинақтың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады. 1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5 пайызға ұлғаяды. Жалпы өсім - 23 пайыз», - деді Әлихан Смайылов.