15 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек етуде

15 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек етуде
Сурет:Gov.kz.

15 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда еңбек етуде

 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, 15 668 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан Республикасының аумағында еңбек етуде, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына сілтем жасап.

Шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 667 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 260 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – олардың саны тиісінше 7 592 адам және 517 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 825 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 807 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 782 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 483 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар негізінен мына елдерден келеді: Қытайдан – 3 689 адам, Өзбекстаннан – 1 887 адам, Түркиядан – 1 679 адам, Үндістаннан – 1 090 адам, Ұлыбританиядан – 959 адам.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.