«Төселген жолға екі күн бойы көлік тұрмақ, адам жүрмеуі керек»

Көктем келгелі Алматы көшелерінде жөндеу жұмыстары қызу басталып кетті. Алматы көшелері демекші, дәл осы қала жолдарын жөндеу басталысымен, жолдарға назарымыз ауа бастайтыны бар.

 Әсел ДАҒЖАН

Сондағысы, үнемі бір кадрға куәміз. Ол жаңа ғана төселген қап-қара асфальтты тегістеп жүрген ауыр сары машина мен арнайы форма киіп алып, жол жасап жүрген жол жөндеушілер. Сол төселіп жатқан қара асфальт қайдан келіп жатыр? Оны шығарушы кімдер? Төселген асфальттың ұзақ жыл қызмет етуіне кімдер жауапты? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін біз Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылы аумағында орналасқан «Асфальто­бетон-1» ЖШС тас үгіту, сұрыптау зауытынан тұратын филиалдың директоры, осы салада елу жыл қызмет еткен Марат Өтегенұлы ДҮЙСЕБАЕВ­ПЕН әңгімелескен едік.

Зейнет жасында екендігін жеке құжаты арқылы дәлелдемесе, Марат Өтегенұлының тың әрі сергектігі кімге де болсын үлгі. Жарты ғасыр ғұмырын осы салаға арнаған маман бізге асфальттың қыр-сыры мен жолдың сапасы туралы кеңінен айтып, түсіндіріп берді.

Еңбек жолын 1969 жылы Жол-құрылыс салу министрлігінде инженер болып бастаған Марат Өтегенұлы 1983 жылы өндіріс-техник бөлімінің басшысына дейін көтеріледі. Сол жылдан бастап «Асфальтобетон» комбинаты­ның Ново-Алек­сеевка ауылында тас-құм шығаратын мекемеде бас инженерлікке тағайындалады.  1987–1991 жылдары комби­натта өндіріс-техник бөлімін басқарса, 1991 жылы министрліктің коллегия­лық шешімі­мен Алматыдағы үлкен асфальт-битум шы­ғаратын өндірістің бас инженері, аз уақыттан соң  техникалық дирек­торы болды. Марат Өтегенұлының осы лауа­зымға отыруы­мен кәсіпорын бірталай жетістіктерге жетті.

– 1998 жылы «Асфальтобетон-1» ЖШС асфальтобетон қоспасының сапасын арттыру үшін өндіріске жаңа технология енгізеді. Украинада шығарылған Д-645-2А асфаль­тобетон зауытының асфальт-бетон қоспасын шығарып, технология процесін түгелдей автоматтық және компьютерлік басқару жүйесіне көшірдік. Бұл жаңалық бізге асфальт-бетон қоспасының сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – деді М.Дүйсебаев.

2005 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы Кеңдала ауылында қуаты жылына 300 мың м3 тас уататын, сұрыптайтын «Шанхай. Доулинг. Ватсон» компаниясының зауыты іске қосылды. Бұл зауытта шығарылатын өнімдер жоғары мар­калы асфальтобетон қоспасы және құры­лысқа жарамды бетон, басқа да материалдар шығаруға жарайды. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін­діктен, зауыттың  қоршаған ортаға зияны жоқ. Осындай ауқымды жобалар­дың іске асуында Марат Өтегенұлының еңбегі зор.

– Қазақстанда тұңғыш рет битумге РБВ қоспасын пайдаланып, Алматыдағы халық­аралық әуежайдың ұшып-қонатын жол белдеулерін салуға пайдаландық. Ол 1998 жылдары болатын. Егер битумның сапасы нашар болса, асфальт та нашар болады. Сол үшін біз неміс технологиясын пайдаланып, арнайы лабораторияда күні-түні жұмыс істеп, әуежайға төрт шақырым жол салдық. Жолды сынақтан өткізіп, қабылдап алу үшін Ашхабадтан салмағы 500 тонна әскери-жүк АН ұшағын қондырды, – деген Марат Өте­генұлы 2001 жылы бас инженер қыз­метінде жүріп, Германиядан автоматтандырылған басқару жүйесі бар «Бенингхофен» зауытын әкеліп, эксплуатацияға бергенін де әңгімелеп берді.

Германиядан Алматыға инвестиция тартып, аты аталған зауытты Алматыға көшіріп әкелуге сол кездегі қала әкімі мен серіктестіктің Бас директоры Герс Исламов мұрындық болды. Сол кезде зауыттың бас инженері Марат Өтегенұлы «басшылықтан тапсырма түскен соң, шұғыл іске кірісіп кеттік» дейді. Зауыттың эксплуатацияға берілуі асфальт-бетон қоспасының жаңа түрі мен маркасын игеруге, оның сапалы қоспасын алуға және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеуге мүмкіндік береді. Өйткені, зауыт сағатына 120 тонна өнім өндіретін қуатқа ие. Бұрынғы ескі зауыттарда оншақты адам жұмыс істесе, мұнда бес-ақ адам қызмет етеді. Бас инженер болған­дықтан, Марат Өтегенұлы бұл зауыттың жұмы­сының бәрін өзі басқарды. Бүгінде бұл зауыт сол қуатпен әлі де жұмыс істеп тұр.

Қазіргі уақытта Бас директоры Исламов Варис басқарып отырған «Асфальтобетон-1» зауытында 700 қызметкер жұмыс істейді. 11 ұлт­тың өкілінің басын қосқан зауытта жастардың үлесі 50 пайыздан асады. Зауыт тәулігіне 5000-6000 тонна асфальт шығаруда. Жұмысшылар мұнда үш ауысыммен жұмыс істейтіндіктен, арнайы киім оларға тегін беріледі. Зауыт өнім­дері асфальтобетон қоспасы ІCO халықаралық стандарттың 3 сертификатын алғандықтан, сапаның барлық талабына жауап береді. Өнім сапалы, экологиялық таза және өндірісте қауіп­сіз саналады. Сондықтан ол бірінші рет респуб­ликалық маңызы бар Алматы–Нұр-Сұлтан, Алматы–Бішкек тас жолдарына салынды. Одан соң шаһардағы Назарбаев даңғылы, әл-Фараби мен Абылай хан көшелері және Сүйінбай көшесінен әуежайға дейін төселді. Бүгінде «Ас­фальтобетон-1» ЖШС Алматы қаласы жол­дары­на ең көп асфальт қоспаларын беріп отыр­ған бірден-бір зауыт болып отыр. Биыл Алматы көшелерінде жөндеу жұмыстары 15 сәуірден басталып кеткендіктен, зауыт осы тапсырысқа байланысты жұмыс істеуде. Тапсырыс демекші, Марат Өтеген­ұлының айтуынша, жол төсеу кезінде күтпеген жағдайлар да болып тұратын көрінеді.

– Алматының барлық жолдарына асфальт бердік. Абылай хан көшесіне теміржол вокзалынан бастап, Абай көшесіне дейінгі аралықта жол жөндеуге жаңа технологиямен асфальт бергенбіз. Иманғали Нұрғалиұлы Алматыны басқарған кезде түнімен жұмыс істейтінбіз. Ол кісі жұмыстың басы-қасында болып, ара-тұра келіп-кететіні бар. Содан бір күні Достық көшесіне асфальт төсеуге 12 машина жібергенбіз. Олар қайтып келмей, зауыт жұмысы тоқтады да қалды. Түнгі сағат бір шамасында технолог екеуміз қалаға барсақ, асфальт төсегіш сынып қалған, біздің машинаның бәрі сонда қаңтарылып тұр. Біздің жіберген асфальт 4 сағат ішінде төселмесе, қатып қалады да, ештеңеге жарамайды. 165 градус температу­радан кем дегенде 120 градусқа дейін салып үлгермесе, ол бізге қып-қызыл шығын келтіреді. Абырой болғанда асфальт төсегіш істеп, асфальтты салып үлгердік. Кейін Иманғали Нұрғалиұлы түнде екі объекті қатар жұмыс істеу керек деген тапсырма берді. Яғни бір уақытта екі көшеге бірдей асфальт төсеуге рұқсат етілді. Ол манағыдай күтпеген жағдайларда үлкен шығынның алдын алады, – деді Марат Өтегенұлы.

Алматы қаласынан бөлек, зауыт Алматы облысы, Талғар ауданы, Еңбекшіқазақ, Нарын­қол, Талдықорғанға дейін асфальт береді. Көпшілігіміз біле бермейтіндей, асфальттің табиғаты өте кірпияз. Түні салқын, күндізі жаңбыр көктем мезгілінде салынбайды. Жер  қызып, күн ысыған кезде ғана асфальт төселеді. Ал бағанағы су дегеніміз асфальттың нөмірі бірінші жауы.

– Қазақстанда 3 континентальды зона бар. Ауа райы күндіз +5 болса, түнде -10 дейін тем­пература түседі. Температуралық ауытқулар асфальтқа айтарлықтай әсер етеді. Егер су қалып кетсе, салынған асфальтты көтеріп, жарып жібереді. Кішкене судың өзі микрожарылыс жасайды. Алматы облысы аумағында 2 балға дейін үнемі жер асты дүмпуі болып тұрады екен. Ол жолдарға міндетті түрде әсер етеді. Жаңбыр жауғанда Алматы көшелеріндегі канализацияның шамасы келмей, жолдың шеті су болып жата­тынын көріп жүрміз. Міне, осы факторлардың бәрі жолдың сапасына әсер етуде. Стандарт бойынша төселген асфальт бір жылға дейін бүлінбеуі тиіс. Біз жасауын жасап, сапалы күйінде жөнелтеміз. Ары қарай сапаға жол төсеушілер жауапты. Қалыңдығы 5 см. асфальт төселу керек болса, кейде олар 4 см. салуы мүмкін. Осыдан кейін-ақ жол бүлінеді, – деген Марат Өтегенұлы жол салу кезінде ескерілуі тиіс талаптарды да атап өтті.

– Жол-құрылыстарын жүргізудің өзіндік талаптары бар. Асфальт салынғаннан кейін 48 сағат бойына көлік тұрмақ, адам жүрмеуі керек. Осы уақыт ішінде жол жабық тұруы тиіс. Асфальт суып, өзінің бабына келеді. Қазір төсей салысымен жолдың үстімен машина жүргізіп жатыр. Мұндай кезде асфальт жылжып кетуі мүм­кін. Германияда жол төсеген соң бетіне плен­ка жауып, бір айдай жолды жауып қойға­нын көрдік. Бетонның өзі 27 күннің ішінде берік, мығым бола түседі де, әбден пісіп, бабына келеді.

Қазақстандағы автобандардың бәрі бетон жолдар. Біздің елдің климатына бұл жолдар жарамайды. 3-4 жылдан соң жарыла бас­тайды. Қыста каток сияқты, жүру мүмкін емес. Ол бетоннан салынған жолдардың конструкциясы жақсы, дегенмен оған асфальт төсеу керек. Сонда бұл жолдар ұзақ қолданылады. Уақыт өте бетоннан құйылған негізін қалдырып, асфальтты алып тастап, жаңасын төсеуге болады. Сонда миллион­даған шығындардың алдын алар едік. Үлкен тас жолдарды осылай салсақ, сол жолдар 25-30 жылға дейін шыдап береді, – деген М.Өтегенұлы еліміздегі ақылы жолдарды құптайтындығын айтты. Сол табыс кейін жолдың өзіне жұмсалса, тамаша болар еді дейді. Біз сөз етіп отырған зауытты айтар болсақ, алдағы бесжылдықта мұнда жаңа жұмыс орындары ашылмақшы.

Бәрін айт та, бірін айт, «Асфальто­бетон-1» ЖШС зауыты жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына да баса көңіл бөліп келеді. Мәселен, зейнеткерлерге ай сайын материалдық көмек көрсетіледі. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар және Ұйғыр аудандарындағы көшелерді абаттандыруға көмек, асфальт және тас-құм тегін беріп келеді. Мешіт, шіркеу, жетімдер үйін салуға, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне, мектеп оқушыларына қаражат та бөледі. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және Ауған соғысына қатысқан азамат­тардың отбасына жыл сайын қаржылай көмек беріледі. Өйткені, Марат Өтегенұлы «адам баласына шамаң келсе, жақсылық жаса, оның бәрі өзіңе түгел еселеп қайтады» деген ұстаныммен өмір сүретін жан.

– Бүгінде жетіп жатқан жетістігім болса, ол отбасымның қолдап-қолпаштауы мен үлкен ұжымымның арқасы  деген кейіп­керіміз отба­сын­да да бақытты жан. Өйткені, ұлы Мұхит пен қыздары Дина мен Маликадан  алты немере, бір шөбере сүйіп отыр.

Марат Өтегенұлының аз-кем жетістіктерін айтар болсақ, Елбасы Н.Назарбаевтың бұйры­ғымен «Астана қаласына 10 жыл, 20 жыл» меда­ль­­дарымен және Алғыс хатымен марапатталған.

Алматы қаласының экономикалық және әлеуметтік саладағы атқарған еңбегі үшін Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетов Құрмет грамотасымен марапаттаған. 2012 жылы Талғар ауданының Құрметті азаматы атанса, 2017 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы.

Ал жұбайы Рая ертеректе Талғар ауданында КазПотребСоюз-да қызмет еткен. Бүгінде – зейнеткер.

Ұлы Мұхит Маратұлы – инженер-механик. Запастағы полиция подполковнигі. Кезінде 7 жыл­­дай Алматы қаласы Медеу аудандық Ішкі істер басқармасында жол-полиция бөлімінің Мемлекеттік көлік аға инспекторы болған.  «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдары, ІІМ «Үздік төсбелгісімен» марапатталған. VІ шақырылымдағы Талғар аудандық мәслихат депутаты. Бүгінде Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы. Ал немересі Рүстем «Талғар жол-құрылыс» ЖШС директоры.

Дина Маратқызы Ұлттық зияткерлік меншік институтында тауар белгісі бойынша бас маман. Ал Малика Маратқызы эконо­мист-бухгалтер. Көп жыл құрылыс мекеме­лерінде бухгалтер болған. Күйеу баласы Мұхамеджан Арыстанов мұнай-газ саласында қызмет етеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *