ЧЕХИЯДА ТҰРҒАН ҚАЗАҚ

Бәлкім, бұл әңгіме біреулерге қызықсыз көрінер. Өйткені, кешегі  Кеңес Одағының тұсындағыдай «сыртқа аттап шығу мұң болған»  жабық жұртта отырған жоқпыз. Егеменді, дербес елміз. Соның арқасында бүгінде қазақтардың шет елдерге барып-келуі, онда оқуы, шет  елдерде тұруы, тіпті шетелдіктермен құда-құдандалы болуы  ешкімге таңсық болмай қалды.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бәрібір қалай десеңіз де, осы бір оқиға менің есімнен еш шықпайды. Аманатқа қиянат болмасын. Мұны мен Таған Махмұтұлы дейтін ақсақалдан естіп едім. Ол кісі мына Ал­матының іргесіндегі  «12 жел­тоқсан» дейтін ауылда мектепте ұзақ жыл ұстаздық етіп, зей­неткерлікке шықты. Оның ар жағында «есінің  барында елін табайын» деп, атамекенге Түр­кіменстаннан  қоныс аударған.  Былайша айтқанда, отаншыл­дығы, ұлтжандылығы алабөтен азамат.

– Біздің  елді-мекен қарай­тын Іле ауданында көп жылдар зоотехник болып қызмет жасаған  Игорь Александрович Коротков дейтін  кісі тұрды, – деп бастады әңгімесін Таған ағамыз. –  Өзі Қытайда туған, ұлты орыс. Өз тіліне қоса қа­зақша мен ағылшыншаны  же­тік  меңгерген. Тағдырдың жаз­уы, өмірдің  жөн сілтеген соқ­пағы шығар. Игорь мектеп бітір­ген соң зоотехник мамандығын таңдапты. Алматыдағы зоо­ветеринарлық институтта бес жыл оқып, оны аяқтаған бойда жолдамамен мал өсіретін шаруашылыққа  жіберілген. «Басында жұмысқа кіріскенде бір ауыз қазақша білмеуші  едім, – дейді ол. – Ал зоотех­ник­тің жұмысы  малды ауыл­мен, малшылармен, шопан­дармен байланысты. Құлқын сәріден тұрып алып, ферма-ферманы аралап кезіп кетесің. Қызметіңнің талабымен малдың жәй-күйін қарап, малшы не шопанмен сөйлесуің керек. Сондайда тіл білмеген қиын-ақ. Одан өткен қорлық жоқ. Ал шопан-малшы қауым, жандары жаз, көңілі көктемдей ғажап жандар! Ықылас-пейілдері  жайлау мен даладай дархан. Сені бейнебір алыстан келген туысындай  құшақ жая қарсы алады. Қалбалақтап, құтты қонақ келгендей барын алдыңа тосады. Міне, сондай жан­дармен  емін-еркін сөйлеса алмағаныңа  қатты пұшайман боласың.  Не керек, белді бекем буып, намысқа тырысып, жат­пай-тұрмай сөздерді жаттап, ақыры үйреніп кеттім-ау»…

…Игорь Александрович еш жатсынбай көсіле әңгімелесіп, қазақшаны мақал-мәтілмен тұздықтап сөйлегенде  қошың келіп, риза боласың. Түрі мен өңін көрмей  керегенің ар жағын­да тұрып сөйлесе  басқа ұлт екенін білмей қаласың.

Сол Коротков маған бір жолы мынадай бір қызық  оқиғаны айтты. Айтуынша, сонау жетпісінші жылдары туристік жолдамамен  Чехосло­вакияға барыпты. Ол кезде әр саладағы еңбек озаттарын  негізінен социалистік елдерге  апарып тұратын дәстүр болушы еді.  Оның өзі екінің біріне беріле бермейтін, кез-келгеннің  маңдайына жазыла қоймайтын  бақ пен бақыт болатын.

Елдің астанасы Праганы  аралап қайтып, кешкілік   Игорь Коротков қасында Қызылор­даның бір орысы бар екеуі ас ішіп, демалу үшін бір мейрам­ханаға кіреді. Қызылордалық орыс та қазақшаға жетік екен. Екеуі  қазақша сөйлесіп отыра­ды. Сонда бұларға жақын маң­дағы үстелде отырған  азиат өңді біреу  құлағын тосып, қайта-қайта  қарағыштай береді. Бұлар оған аса мән бермейді. Ақыры  әлгі адам  шыдай алмай жандарына келіп:

– Сіздер қазақсыздар ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, біз қазақ емеспіз. Бірақ Қазақстаннанбыз, – дейді  бұл екеуі. Отыра қалып үшеуі жөн сұрасады. Сөйтсе, бұлармен танысқан азамат соғыс кезінде тұтқынға түсіп, содан әр түрлі себептермен  чех жерінде қалып қойған қазақ болып шығады. Жат жерде ішқұса болған бейбақ бұлармен  ұмыт бола жаздаған ана тілінде сөйлесіп, ел-жұрттың жағ­дайын сұрап, мауқын басқандай болады. Қанмен берілетін қонақжай  мінезіне басып, дәл уақытында қонақүйге  қайтып әкеліп тас­тауға уәде беріп, бұларды қоярда-қоймай үйіне ертіп апарады. Қуанышын жасыра алмай: «бұлар Қазақ­станнан келді» деп үй-ішімен танысты­рады. Балалары қазақ­ша білмесе де қол қусырып қарсы алып, құманмен су құйып, құрмет көрсетеді.  Әйелі жергі­лікті чех қызы  барынша қазақша дастар­хан жайып, бәйек болады. «Екеу­міз де тура өзіміздің Қазақ­станда жүргендей  мәре-сәре болдық», – дейді.

Әңгіменің арасында  чехия­лық қазақтың әйелі  бұларға күйеуінің  өмір бойы туған  жерін, атамекенін сағынумен келе жатқанын, көз жұмса топырақ қазақ  жеріне бұйырса деп армандайтынын көзіне жас ала отырып жеткізеді. «Осы күйеуімнің көңілі үшін қандай қиындық болса да  бала-шаға­мызбен Қазақстанға барып тұрар едік. Әттең, оған мүмкін­дік жоқ-ау!», – дейді әйел байғұс. Чех әйелінің қазақ күйеуіне деген сүйіспеншілігі мен махаббатына риза болған екеуі қатты толқып,  көздеріне жас келеді.

Қандасымыз уәдесін бұл­жытпай орындап, бұларды айтылған уақытта қонақүйге әкеліп жеткізеді. Екеуін қайта-қайта құшағына қысып, қимай қоштасады. «Артынан қол бұлғап қарап тұрдық. Біртүрлі  мұңайып бара жатқандай көрінді», – дейді.

Ата-бабаларымыздың:  «Ит тойған – жеріне, ер – туған жері­не» дейтін өсиет  тәмсілі  осындайдан қалса керек.

Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтті. Заман да, заң да өзгерді. Тағдырдың  жазуымен  чех жерінен пана тапқан  қандасымыз Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқынға түскен болса, ең азы тоқсаннан асты. Сірә, бұл пәниде жүруі неғайбыл. Ендігі жерде «артында қалған ұрпағы  атажұртымен араласып, әкелерінің туыстарымен табысса, тым болмаса  қазақы қаны мен ұлттық рухы оянар еді-ау» деген ой қылаң береді. Ол үшін  Чехиядағы елшілігіміз осы мақалада айтылған деректерді жергілікті газеттерге жариялап, жұмыстанып көруі қажет-ақ. Сөйтсе,  қазақтың бір жұрағатын атамекенмен табыстырып, елдік мақсаттағы игілікті іс тындырған болар еді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *