АПОРТТЫ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК

Зиялының сөзі

%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%8b

 

Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері:

Апортты кӨздің қарашығындай сақтауымыз керек

Алматының аты да, заты да ерекше. Бұл қаланың Қазақстан үшін орны дара, бөлек. Өйткені, Алматыда ең құнды, ата-бабала­рымыз өмір бойы армандаған Тәуелсізді­гіміз жарияланды. Елбасы айтқандай, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі.

Алматы ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталы­ғына айналған. Сол үшін Алматыны ешбір қаламен салыстыруға болмайды. Бала кезімізде Алматының көркіне біз ғана емес, бүкіл шет елден келгендер таңданатын, там­санатын. Ол кезде жол жиегіндегі ағын суда алқызыл апорт алмалары ағып жата­тын, біз соны алып жейтінбіз. Биік таудың бау­райында тұрған Алматыны мен асқақ Алатауға балаймын. Алматы Алатаудың шыңындай ешуақытта аласармаса екен, жұрт­шылық осының қадір-қасиетін біліп, алып шаһарымыздың атына кір келтірмесе екен деймін.

Алматыда қаншама қазақтың алыпта­ры­ның табанының ізі бар, алақанының табы бар. Қазақтан небір ғұламалар, ға­лымдар, білгірлер шыққан. Қазақтың да­налығын, даралығын, тектілігін ешбір ха­лықпен салыстыруға келмейді. Зиялылар­дың көбі Алматыда рухтанған, осында асқақтаған. Енді солардың да рухы шығар, Алматының да асқақтап тұрғаны…

Қазір Алматыда қаншама зәулім ғима­раттар бой көтерді, көшелер кеңейіп, жол­дар жөнделді. Мен мұның бәрін мақтаныш етемін. Бірақ, әттеген-ай дейтін тұстар да баршылық. Жасыратыны жоқ, Шымбұлақ жаққа, тау етегіне бай-манаптардың топыр­латып үй салуы жанымды ауыртады. Одан кейін өкінішке орай, көшелердің бойында ілініп тұрған жарнамаларда қателер өріп жүреді. Бұл дұрыс емес. Сол жарнама­лардың орнына, онда Абайдың керемет сөздері ілініп тұрса, тамаша болмай ма? Бұл көпке үлгі-өнеге болар еді. Тіл бас­қармасы осы жағына назар аударса екен деймін.

Бала кезімде мен оқыған мектепте Абайдың: «Орыстың тілі – дүниенің кілті», – деген сөзі үлкен әріппен жазы­лып тұратын. Неге қазір біз «Қазақтың тілі – Қазақстанның кілті» деп айтпаймыз? Неге өз тілімізді қадірлеп, құрметтемейміз? Онымен қоса, өткенде «Алматы ақшамы» газе­тінен оқыдым, алманы көп жеген адам­ның денсаулығы жақсарып, өмірі 17 жылға ұзарады екен. Тамақтану рацио­нында алманың ұдайы болуы адам иммунитетін арттырып, қан айналымын едәуір жақсартады. Мұны шетелдік ғалымдар дәлелдеген. Ал Алматы қаласының атауы алма сөзінен шыққан. Мұнда аты әлемге танымал апорт алмасы өседі. Сондықтан алма­ның бұл тұқымын біз көздің қарашы­ғындай сақ­тауымыз керек. Алма бақта­рын қыр­қып, түрлі ойын-сауық, турис­тік орта­лықтар сала беруге болмайды. Осы жағы­нан келгенде кішкене өкінішім бар. Оны жасырмаймын.

Дегенмен, мен Алматының қазіргі жас әкімі Бауыржан Байбекке ризамын. Ол келгелі бері тынбай, Алматының одан әрі гүлденуіне, көркеюіне, дамуы­на барын салып келеді. Мен бұған қуа­нып, жұрттың бәріне мақтанып айтып жүремін. Өткенде Алатау ауда­нында Ұлттық дәстүрлі өнер театрын ашты. Ұлттық өнер ордасының салта­натты ашылуында ол: «Қазақтың өнері бармақтың басында, тілдің ұшында» деді. Шынында да, қазақтың домбы­ра­сына, қазақтың әніне, қазақтың фольк­лорына, қазақтың әдет-ғұрып, дәстү­ріне ештеме жетпейді. Оны насихаттау, дамыту әрбіріміздің парызымыз, міндетіміз.

Сөз соңында айтарым, біздің құтты қоныс, мейірімді мекеніміздің орта­лығы болған Алматының мыңжылдығы құтты болсын! Алматының мәртебесі, құдыреті, қасиеті, мәні де, маңызы да арта берсін дегім келеді. Сүйікті шаһа­рымызда береке-бірлік нығайып, тұрақ­тылықтың өркен­деуінің үлгісіне айнал­ған құт мекеннің абыройы асқақтай берсін, ешқашан аласармасын деген тілек айтқым келеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close