Қазақстан армиясына жаңа талаптар қойылып жатыр

Қазақстан армиясына жаңа талаптар қойылып жатыр
Сурет: Gov.kz

Армия кез келген міндетті орындауға қабілетті болуы тиіс.

Қазақ армиясына жаңа талаптар қойылып жатыр. Әскерге қойылатын жаңа талаптар туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев аталмыш ведомствода өткен аппараттық кеңесте айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қорғаныс министрлігінде болып өткен кезекті аппараттық кеңесте бейбіт уақытта халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайларды жоюға  қолдау көрсету үшін қолданылуы мүмкін күштер мен құралдарды жетілдіру бойынша міндеттер қойылды», – делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Пандемия кезеңінде «қос мақсаттағы компоненттердің» өте қажет екені іс жүзінде дәлелденді. Әлемде орын алған соңғы оқиғалар – өрт шығу, су басу, табиғи зілзала аясында олардың өзекті болып табылатыны расталды.

Мамандандырылған әскери-далалық, оның ішінде инфекциялық бейіндегі медициналық мекемелердің мүмкіндігін кеңейту тапсырылды.

Өрт сөндіруге арналған мүмкіндіктерді жетілдіріп, оларды көбейтуге тапсырмалар берілді.

Әскери-теңіз күштері ұдайы жүзу құралдарын, сонымен қатар радиолокациялық жабдықты тарту арқылы іздеу-құтқару жұмыстарына қатысуды іс жүзінде пысықтауы тиіс.

Сонымен қатар, броньды танк техникасын қысқы уақытта қар тазалау жұмысында қолдану және ол үшін жөндеумен айналысатын әскери бөлімдер, цехтар, бөлімшелер күштерімен арнайы жабдық жасау мәселесін пысықтауға нұсқау берілді.

«Армия әрқашан кез келген қиындықты еңсеруге, кез келген міндетті орындауға қабілетті болуы тиіс», – деді Қорғаныс министрі.