Эрзиннің сыры неде?

Эрзиннің сыры неде?
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Жойқын зілзала болған Түркияның Хатай провинциясындағы Эрзин қаласында бір де бір ғимарат құламаған

Жойқын зілзала болған Хатай провинциясындағы Эрзин қаласында бір де бір ғимарат қираған жоқ, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz @yyedilov телеграм каналына сілтеме жасап.

Түркияның Хатай провинциясында жер сілкінісі орасан зор шығындар әкелді. Дегенмен өңірде жалғыз Эрзин қаласы ғана табиғи апатқа төтеп берді. Ауданда бір де бір ғимарат құламаған. Себебі, Эрзин қаласының мэрі Өккеш Елмасоғлы ғимаратты заңсыз салуға, ереже бұзуға жол бермеген, құрылыс салушыларға қатаң талаптар қоя білген. Осы мінезінен әкім талай таяқ та жеді, құрылыс алпауыттары оның көзін құртқысы да келді. Талай қиындықты бастан өткерген Өккеш Елмасоғлы қазір Түркияда халық батыры атанды.

«42 мың тұрғыны бар Эрзин ауданында зардап шеккендер жоқ, өйткені ғимараттар қираған жоқ.  Мен ешбір құрылыстың заңсыз салынуына жол бермедім. Осы үшін мені талай рет қудалады, сынады, қорқытты. Олар маған «Елдегі жалғыз адал адам сен болмай ақ қойшы», - деді. Есесіне қазір мені ар-ұжданым мазаламайды, ел алдында арым таза», - деді әкім. Осылайша жемқорлыққа жол бермей, мыңмен жалғыз алысуға болады. Өккеш Елмасоғлы – халқының қамын жеген адал азамат, нағыз батыр», - деп жазады @yyedilov телеграм каналы.