Жетістік жүректіліктен тұрады

Жетістік жүректіліктен тұрады
Сурет: Мmassaget.kz

Қазақ - рухты халық. Батырлар мен даналардың ұрпағы. Жаугершілік кезеңде найзаның ұшымен, білектің күшімен елді қорғады. Баһадүрлік қасиет қанмен сіңеді. Бұл – анықталған аксиома.

Бүгінгі заман - бәсекестіктің қызған шағы. Ол барлық салада етек алған. Ал спортта жетістіктеріміз аз емес. Оның ішінде ережесіз жекпе-жектен көк байрағымызды баршаға танытып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген рухты, жүректі, білекті, иманды жігіттеріміз жетерлік. Бүгінгі кейіпкеріміз -  талай додаларда топ жарып жүрген оғлан Шавкат Рахмонов.

Ғұмыр жолы

Ашық дереккөздерге сүйенсек, батырымыз 1994 жылы 23 ақпанда, Өзбекстанның Сухандария өңірі, Шыршыда қазақ отбасында дүниеге келген. Құжат берген кезде тегі қате жазылып кеткен. Негізі – «Рахман». Аулада оған үнемі төбелесуге тура келген. Әйтпесе, өзінен күшті балалардан соққы жейтінін түсінген. 12 жасынан бастап ережесіз жекпе-жек сайыстарына қызыққан.

2010 жылы отбасы атамекенге оралады. Ол Қарағанды базарларында арбамен жүк тасып, ауыр еңбекті бастан кешірді. Сөйте жүріп, спорт залына баруды үзбестен самбо мен бокс жаттығуларына қатысқан. Кейде күніне спорт залына екі мезгіл баруға тура келсе де, уақыт тауып, жаттығудан қалмаған. 16 жасында кәсіби спорт жолына түседі.

Спорттық мансабының бастауы

Әр спортшының шамын жағатын әуелі ынта-жігері, содан кейін білікті бапкері екені анық. Отбасы 2013 жылы Көкшетауға қоныс аударған соң, жаттықтырушы Баян Жанғаловпен танысып, оның құрамасына кіреді. Сонымен бірге спорт саласында жоғары білімді қатар алады. Жаттығады, оқиды, мақсатына жетуді көздейді. Біртіндеп қажыр-қайраттың нәтижесі байқала бастайды.

Бауырымыз 19 жасында аралас жекпе-жектен әуесқойлар арасындағы алғашқы жеңісіне Санкт-Петербургте қол жеткізеді. Бұл сайыста қайрат пен шапшаңдықты қатар көрсетіп, қарсыласы Ахмеддин Мирзадавладовты сұлатып салады.

Алғашқы рет 2014 жылы қазан айында ол M-1 Global промоушенінде дебют жасады. Онда Адам Цуровты ауыр ұстау (үшбұрышты тұншықтырғыш) арқылы мерзімінен бұрын жеңді.

Ол UFC-дегі дебютін 2020 жылдың 24 қазанында UFC 254 оқиғасында өткізді.  Хабиб - Гэтжи Алекс «Ковбой» Оливейраға қарсы кездесуде ғажайып тәсілдерді қолданып, 2-раундта 2:10 есебімен бағыну (гильотина дроссель) арқылы жеңді.

Шавкат UFC-дегі үшінші жеңісіне жетіп, тағы бір сатыға көтерілді. Нақтырақ айтсақ, UFC Vegas 47 турнирінде жартылай орта салмақта бақ сынайтын отандасымыз гайандық Карлстон Харристі бірінші раундта ұтты. Қазақтың батыр ұлы ММА-да өткізген 15 жекпе-жектің барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Осылайша, 34 жастағы Харрис 17 жеңісімен мансабындағы бесінші жеңіліске ұшырап, жерлесімізден айласын асыра алмады.

Қазақы намыс

Әлгінде бабаларымыздың намысты, рухты болғандығын тілге тиек еттік. Ол жағы шындық. Қазіргі таңдағы жастарымыздың бойында намыс қайнап, ұлттық рухтың оты алаулап келеді. Оған күн өткен сайын куә болудамыз.

Шавкат - халқымыздың нағыз батыры, әстері жастарға үлгі. Кавказдық Хабиб Нурмаганбетов папахасын әр жарыста насихаттап, киіп шығады. Сондай ұлттық құндылықтың әлем алдында насихатталуын біз де күтіп жүрген едік. Рухты һәм жүректі спортшы Шавкат Рахманов қазақтың ұлттық бас киімі - тымақты киіп шығып, бәрін тәнті етті. Спортсүйер қауым ұлттық жәдігерлерімізге назар аудара бастады. Ол алғаш болып өзіміздің дәстүрлі құндылығымызды жалғаған азамат.

Тағы бір мысал келтірейін. Кезекті жеңістерінен кейін өзін сынаушылар мен мінеушілерге қайырылып, әлеуметтік желі қолданушыларына өзінің «Нағыз қазақ» екенін айтты. Жеңістерімен дәлелдеп келеді. Ұлтымызда осындай қазақы намысты жігіттердің көп болғанына қуанамыз. Мың шүкір!

Түйін. Алмағайып заманда жас өрендерге рух пен қайрат беретін жас та болса тұлға керек. Мұны уақыттың талабы дер едік. Біздің халық батырға кенде емес-ті. Спорт жанкүйерлеріне танымал Арман Оспанов, Жалғас Жұмағұловтар талай биіктерді бағындырып жүр.

Алғашқылардың бірі болып UFC-мен келісім шарт жасаған Шавкаттың жөні бір бөлек. Батырдың спорттағы жетістіктері жас өрендерге өнеге-үлгі екені ақиқат. Қаракөздеріміз батыр, отансүйгіш, адал азамат боп қалыптассын демекпіз.