Тұзақшы Сейдан ата

Тұзақшы Сейдан ата
Сурет: Мassaget.kz

Апамның күйеуі Сейдан жездемді бәрі «Начальник» деп кеткен. Өзі қара, қуаң өңді болатын. Кішілер Сейдан ата дейтінбіз. Шылымды көп шегетін. Басына үнемі бөрік киіп жүретін. Мылтық атқанда дәлдікпен тигізетін. Қалжыңды тістеп-тартып айтатын. Айтқанда өн бойыңды шымырлататын. Ар жағын бағамдай беріңіз. Ісі нық, әрекеті есеппен болатын. Артық қимылға бара бермейтін. Бір көргенге қу адам сияқты сезілетін.

Ол тұзақ, қақпан құрудың шебері еді. Бір күні ерте тұрдым. Көзімді аша сала, апам мен жездем үйіне жөнелдім. Сондағы екі үйдің қашықтығы 20-30 мертдей. Барсам, торда қасқырдың қос бөлтірігі жатыр. Түстері сұр, итке ұқсайды. Ырылдайды. Жолатпайды. Көп ұзамай терілерін сыпырды. Жаның ашиды. Тірі кездерінде ырылдап, айбат шексе де, көз жанарларынан намыс пен қайрат сезілді. Айыбы қақпанға түскендігі. Көп ұзамай тоғайдағы құлынды биеге қасқыр шапты. Саны белгісіз. Құлынның құйрығын осып түсіпті. Біразға дейін кешқұрым мал қора жақтан қасқырдың ұлыған үні естіліп жүрді. Осы үн ай жарықта жаңғырып береді дейсіз...

Ертесіне жездемдер арланның ізі жатқанын айтты. Әлгі құлын арам қатты. Биені бауыздап үлгерді. Ал көкжалдар болса, біресе қорадағы, біресе түздегі малдарға шабуылдарын саябырлатпады. Жездем де ұзақ жылдар сүйікті ісінен бас тартпады. Сөйтіп, қартайып, бір үйде жалғыз қалып, өмірден өтті. Тұзақшының тағдыры осылай болды.

Осы күні "Сол екі бөлтірікке бекер тиді ме?" деп ойлаймын. Екі бөлтіріктің өмір сүруге деген қуатты жанары көз алдымда мәңгі сақталып қалды. Сол шабуылдаған қасқырлардың күшіктері екен. Оны кейін білдік. Кім білсін?! Бәлкім, бөлтіріктерді қоя бергенде, бәрі басқаша болар ма еді?..