Жарықтың бағасын әкімдік белгілемейді

Жарықтың бағасын әкімдік белгілемейді
Сурет: Аzhk.kz

Қазіргідей барлық салада қымбатшылық байқалып тұрған кезде, көп тұрғынды мазалайтын сұрақтың бірі – жарықтың бағасы.

Бүгін халықтың сұрағына онлайн режимде жауап берген мегаполис  басшысы Бақытжан Сағынтаев қала маңайындағы қараусыз қалған электр желілері мен жарықтың бағасы туралы мәселеге тоқталып өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қараусыз қалған желілерді тексеріп, қарап отырған ешкім жоқ. Ондай желілердің ақауын тұрғындар өз күшімен жөндеп алып жатады. Кездесуде халық осы желілерді қаланың қарауына өткізсеңіздер деп еді, осыны біртіндеп іске асырып жатырмыз. Өткен жылы біз 1 млрд теңгеге осы жерлерге жөндеу жасадық», - деді Бақытжан Әбдірұлы.

Қала әкімінің айтуынша, қараусыз желілерді «Алатау жарық» мекемесі өз қарамағына өткізген және барлық желіге жауапты болады.

Ал жарықтың бағасы туралы қала әкімі былай деді: «Электр энергиясының тарифі қала тұрғындары үшін 18 тг болса, жекеге өткізіп алғандардың ішінде 28- 30 теңгеге дейін баға қойғандар бар. Оларды да өзімізге қабылдап алғымыз келеді, бірақ бұл оңай шаруа емес. Ол сот арқылы шешілетін, кемінде 6 ай мерзімде бітетін жұмыс. Жекеменшік болған соң, үстінен пайда көріп отырғандықтан, қаланың қарауына бергісі келмейтіндер де бар. Тарифті қала әкімдігі белгілемейді, ол монополияға қарсы комитеттің құзырында».