Жапонияда күшті жер сілкінісі болды

Жапонияда күшті жер сілкінісі болды
Сурет: Aa.com.tr

Оның магнитудасы бастапқыда 7,3 деп бағаланып, артынша 7,4-ке дейін жеткен.

16 наурызда Жапонияның солтүстік-шығысында жергілікті уақыт бойынша 23:36-да (Нұр-Сұлтан бойынша 20:36) күшті жер сілкінісі болды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz Turkystan.kz сілтеме жасап. 

Соңғы мәліметтер бойынша табиғи апаттан 126 адам зардап шегіп, екі адам қайтыс болған. Апат салдарынан 2 миллионға жуық тұрғын жарықсыз қалды. Олардың қатарында 700 мыңға жуық Токио тұрғындары да бар. Қазір электр энергиясы қалпына келтірілді.

Жер сілкінісінен кейін метеорологтар бірден Мияги мен Фукусима провинцияларында цунами болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда бірнеше сағаттан кейін цунами қаупі толық жойылды.

Жерасты дүмпулері салдарынан Мияги префектурасындағы автомобиль жолы мен жол жамылғысы зақымдалған. Фукусима префектурасында көпқабатты тұрғын үй құлап, Фукусима мен Сироисидзао станциялары арасындағы учаскеде жүрдек пойыз рельстен шығып кетті. Пойызда 96 жолаушы болған, олардың арасында зардап шеккендер жоқ.

17 наурыз күні таңертең аймақта магнитудасы 2,5-тен асатын 20 жер сілкінісі болды.