Ж. Бекшин: Үнді штамының белгісі суық тиюге ұқсас

Ж. Бекшин:  Үнді штамының белгісі суық тиюге ұқсас
almaty-akshamy.kz

Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарына жаңа "Дельта" штамын жұқтырмау үшін екпе алуға шақырды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың жаңа үнді штамы туралы хабарлады. Оның айтуынша, ресейлік пен қазақстандық вакциналар атауы белгілі мутацияланған алты штамнан қорғайды.

Ж. Бекшин Алматыда коронавирусты қайта жұқтырған 32 жағдайдың тіркелгенін айтты. Сондықтан қауіпті инфекцияны, әсіресе, оның штамдарын жұқтырмас үшін коронавирусқа қарсы вакцина қажет.

"Бұл штамды көбінесе жастар жұқтырады. Басты симптомы – бас ауруы, тұмау, ангина, жоғары температура. Әдетте иіс сезу жоғалмайды және жөтел болмайды", – деді Ж. Бекшин.

Сондай-ақ "Дельта" іштің ауыруымен, құсумен, тыныс жолының тарылуымен байланысты.

Жандарбек Бекшин тек вакцина ғана ауруды болдырмауға әрі өлімді азайтуға септігін тигізеді. Бүгінде Алматыда 386 222 адам вакциналанды. Өткен тәулікте КВИ-дан 5 840 адам екпе алды.  60 жастан жоғары екпе алған адам саны 49 314 адамды құрайды.

Бас санитарлық дәрігер жастардың қорғаныс шараларына жауапкершілікпен қарап, вакцина алуға барулары керек екенін айтты.