Үздік журналистер анықталады

Үздік журналистер анықталады

Алматыда журналистер арасында дін тақырыбындағы ең өзекті деген материалдарға байқау жарияланды. Дін істері жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша «JASTAR» дамыту орталығы»  жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бірнеше номинация бойынша дін саласының өзекті мәселелері туралы үздік материалдарды дайындау байқауы» бойынша баспасөз конференциясы өтті.  Арнайы ұйымдастырылған іс-шарада ұйымдастырушылар байқаудың шарттары мен талаптары  туралы толық ақпарат берді.

Бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған мұндай байқауға  Алматыда дін тақырыбын қозғап жүрген журналистер, блогерлер,  18 жасқа дейінгі басқа да үміткерлер қатыса алады.

Алматы қалалық Дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Бағдәулет Әбдіхамитовтың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – дін  саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы деструктивті ағымдар идеологиясының зияны және дін саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары туралы халықты хабардар ету маңызды. Сондай-ақ, бұл байқау қатысушылардың шығармашылығын шыңдауға, дарындарын паш етуге, өздерін танытуға берілген үлкен мүмкіндік.

«Мақалалар, посттар, әлеуметтік роликтер конкурс тақырыбына сәйкес болуы тиіс. Деструктивті діни ағымдар идеологиясының беделін түсіру, радикалды діни идеологияның зияндылығы туралы халықты хабардар ету, діни экстремизмге қарсы тұру және конфессияаралық келісім, қоғамдағы тұрақтылық идеяларын нығайту секілді өзекті тақырыптардың жан-жақты талдануы, тереңдігі, нақты дәлелердердің болуы, мазмұндылығы секілді шарттарға баса назар аударылады», – деп атап өтті Бақдәулет Әбдіхамитов.

Байқау мынандай номинацияларға бөлінеді:

  • Ғаламтор ресурстарындағы ең үздік қазақ тіліндегі мақала;
  • Ғаламтор ресурстарындағы ең үздік орыс тіліндегі мақала;
  • Ғаламтордағы және әлеуметтік желілердегі ең үздік тақырыптық қысқа бейнеролик;
  • Ең белсенді блогер.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 1 350 000 теңге. Сондай-ақ, ақшалай ынталандыру сыйлықтары да бар.

Байқауға 18 жастан асқан журналистер, блогерлер, Алматы қаласының барлық тұрғындары қатыса алады.

Байқауға қатысу үшін қатысушылар өз жұмыстарын және өздері туралы ақпаратты almaty.baiqau.2023@gmail.com электронды мекенжайға осы жылдың 1 қазанына дейін жолдай алады. Байқау туралы толық ақпарат пен әр номинация бойынша талаптарды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың ресми сайты мен din_almaty ресми аккаунтында жарияланған ережеден көре алады.

Байқауға қатысушыларды марапаттау рәсімі 2023 жылдың 20–30 қазан аралығында өтеді.