Ұлттық идеологияны әркім әр тараптан іздейді

Ұлттық идеологияны әркім әр тараптан іздейді
Суреттерді түсірген - Қ.Қоныспаев

Мемлекет шекарасын анықтау – оңай, мәдениет шекарасын анықтау – қиын. Бұл уәжімізге барлық әлеуметтанушылар келіседі. Кейде бір мемлекет ортақ бір мәдениетке жатқызылса (айталық, Жапония), кейде бір мәдениет екі немесе одан да көп елдің территориясында «өмір сүреді» (мысалы, ағылшын, орыс немесе араб мәдениеттері секілді), бұлардың керісінше бір мемлекет ішінде екі немесе одан да көп мәдениет қатар сыйып тұратын кездері де болады. Құрылымдық-функциялық тұрғыда бұның бәрі өзінше жарасымды, өзінше заңды. Яки, қоғамды құраушы түрлі тәсілдердің реті ғана. Алайда, бұлардың ішінде соңғы бір түрін біртіндеп қоғамның қожырауына, әлеуметтік бөлініске бастаушы фактор ретінде қарастыратын әлеуметтанушылар да бар. Әсіресе, әлеуметтанудағы «конфликт теориясын» ұстанушылар солай дейді. Демек, мәдениет қаншалықты ортақ, жалпыға бірдей болған сайын сол қоғамның іргесі бүтін, тағаны берік бола түспек екен.

Қаламгерлер одағындағы кеңес

Сөзді бұлай бастап отыруымыздың да өзіндік мәні бар. Турасында, біз мәдениет ұғымын ғана емес, есесіне мәдениетті таратушы құралдардың бірі – ұлттық құндылықтар тақырыбын сөз етпекпіз. Өткен аптада Қазақстан Жазушылар одағында кәдуелгі бір кеңес өткен еді, сөздің ұшын содан тарқатпақпыз. Басылымымыздың өткен саны қолына тиген оқырман хабардар болса керек, ақпанның 8-і күні қаламгерлердің одағы өзінің «дөңгелек үстеліне» бірқатар этнограф-ғалымдар мен осы сала бойынша еңбектенген қаламгерлерді шақырған. Шақырған да «Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін» деген мазмұнда әңгіме өрбіткен. Осы ортада елге белгілі қаламгер тұлғалар қазіргі қоғамдағы ұлттық құндылық, оның мемлекет болашағындағы маңызы мен мәні турасында сәруар сөздерін ортаға салды.

Сол жиында алғашқылардан болып сөз алған белгілі публицист, жазушы Марат Тоқашбаев қоғамда әбден түйіншектелген бір түйінді талқы ортасына тастады. Түйін – «ұлттық құндылық» ұғымына қоғамда ортақ түсініктің жоқтығы болатын. Біздің қоғамда әлі күнге дейін Ұлттық идеологияны әркім әр тараптан іздейді. Әрі тап сол секілді ұлттық құндылықты да әркім «өзі шыққан тауынан» іздеп жатады. «Этнографтар «ұлттық құндылықты – әдет-ғұрпымыз» дейді; педагогтар «ұрпақ тәрбиесі» дейді; енді біреулер «ұлттық құндылықтың көкесі – өнер» дейді; саясаттанушылар «ұлттық құндылықты ел бірлігі» дейді; тағы біреулер «ұлттық құндылық – біздің қонақжайлығымыз» деп білгішсінеді. Шынтуайтында, ұлттық құндылық дегеніміз не?» деген сауалын ортаға салған болатын.

Артынша оған өзі былай деп жауап берді: «Қазақстан Республикасының ұлттық құндылығы» деп аталатын еңбектің авторы ретінде мен үшін ұлттық құндылықтардың ең бастысы – Қазақстанда Ұлттық мемлекет құру», – дейді М.Тоқашбаев. Әрине, ұлттық құндылықтар турасында қаламгердің бұл сөзі терең пайымнан шыққан тұшымды сөз. Дегенмен, бізше әлеуметтану тұрғысында «құндылықтар» немесе «ұлттық құндылықтар» ұғымын тап басып тұрмағандай көрінді. Турасында, қаламгер мұны қоғамымыздың ортақ ұстанымы, ортақ әлеуметтік-саяси мұраты, былайша айтқанда, ұлттық идеологияның құбыланамасы ретінде алға тартып отырған болса керек. Сонымен, біз өз тарапымыздан аталмыш ұғымдарға әлеуметтану ғылымы негізінде жалпы оқырман үшін жауап іздедік.

Мәдениет – әлеуметтік өнім

Мәдениет, бұл – әлеуметтік өнім. Былайша айтқанда, оны жеке тұлға қалыптастыра алмайды, әлеуметтік қарым-қатынастар барысында көпшіліктің ортақ өмір сүру тәсілі ретінде қарастырған ортақ өнімі. «Мәдениетті биологияның емес, қоғамның нәтижесі» дейді әлеуметтанушылар. Мұның өзі де

Мәдениет ұғымы жалпы әлеуметтік өнім екенін дәлелдей түседі. Ал оны тереңдей қазбалай түсетін болсаңыз, мәдениеттің заттық және бейзаттық формалары да болатынын білеміз. Былайша айтқанда, күнделікті өмірде тұтынатын заттық және бейзаттық өнімдерді қалай тұтыну, қандай ортақ ережелерге жүгіну сынды іс-әрекеттердің қалыбын мәдениет деуге болады.

Біз өзіміздің өмірімізден мысал келтіретін болсақ, қазақстандықтардың басым көбі қазақ тілінде сөйлеп, осы қоғамдағы маңызды құндылықтарды, тұрмыс-салт жоралғыларын ұстанып, ортақ ережелерін орындауы; қазы-қарта, қымыз-қымыран тұтынуы; өзіндік киім үлгілерінің, өзіндік музыкалық бояуларының болуы; қандай заттарды көбірек пайдалануы, балаларының қандай ойыншықтарды ойнауы, сонымен қатар көшелері, қала құрылыстары, тұрғын үйлерінің орналасуы, жер-су атаулары, т.б. толып жатқан ортақтықтар құрала келіп осы елдің заттық және бейзаттық мәдениет қалыптарын түзіп тұр. Мұны ауқымды түрде «қазақстандық мәдениет» деп жұмсартып айтып жүрміз. Тап осы мәселені де түбегейлі, дербес талдауға әбден болады.

Енді осы мәдениет өнімдерін тасымалдаушы маңызды нәрселер бар. Олар – тіл, құндылықтар және нормалар. Әлеуметтануда тіл мәдениет сынды ауқымды әлеуметтік өнімді түсіндіруде аса маңызды нысан ретінде қарастырылады. Мәдениеттің ең басты мәні оны тұтынушылар сол арқылы бір-бірімен мән-мағына алмасады, солай әлеуметтік өмірін қамтамасыз етеді. Осы ретте тіл тұтас мәдениеттің өз қалыбы, өз символы, өз бейнесі деп танылады. Былайша айтқанда, мәдениеттің ең негізгі көрсеткіші, айқындаушысы – тіл. Осыған келгенде біз Қазақстандағы мәдениетті қалай түсіндіре аламыз? Біз өз еліміздің мәдениетін қалай бейнелейміз?

Осыдан кейін ғана «құндылықтар», «ұлттық құндылықтар» мәселесіне дөп келеміз. Яғни тұтас сөзімізге арқау болып отырған «құндылықтар» немесе «ұлттық құндылық» ұғымдары мәдениеттің сонау терең қан тамырындағы тасымалдаушы екен. Оны әлеуметтанушылар қысқаша «қажетті мақсаттар туралы ортақ идеялар» деп түсіндіреді. Құндылық турасындағы әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылардың ұзақ теорияларын былайша түсіндіруге болады: Құндылықтар – мәдениет өкілдерінің өскелең өмірді қамтамасыз етуші, ізгілікті, қауіпсіздікті бекітуші деп бағалағандары.

Бұдан кейін мәдениеттің тасымалдаушысы ретінде нормалар аталады. Ол өздігінен түсінікті қоғамдық ережелердің (жазылмаған заңдардың) жиынтығы екенін білеміз. Құндылықтың ғылыми мәнін қарастыра келгенде біз өз қоғамымыздағы ұлттық құндылыққа қатысты түйткілдің түйіншегі қайда жатқанын білгендейміз.

«Ауруын жасырған өледі»

«Ауруын жасырған өледі» дейді. О бастан біздің әлеуметтік сырқатымыздың диагнозы дұрыс қойылмады ма, әлде дұрыс қойылса да ауруымызды жасырып келеміз бе? Бұдан бұрынғы билік буыны кезінде Қазақстанда «ұлт» (Nation) пен «мемлекет» ұғымы, «ұлттық» (National) пен «мемлекеттік» ұғымының аражігі ажырап қалды. Осының зардабы екені анық, біз ұдайы ұлттық құндылықтарға, ұлттық идеологияға қатысты сауалдарға айналсоқтай береміз. Не жауабын тауып, бір сөзге тоқтай алмаймыз, не мүлде ойламасқа санадан сырып тастай алмаймыз.

Енді мына сұрақтарды ашық-айқын қоятын кез жеткен секілді: Қазақстан сірә, қандай мәдени кеңістікте? Мәдениетінің тасымалдаушылары қайсы? (тілі, құндылығы, нормалары). Еліміздегі ұлттық құндылық қайсылар? Ұлттық құндылығымыз деп жүргендеріміз жалпыға бірдей ме? Әлде біздің қоғам түрлі құндылықтарға, түрлі мәдени кеңістіктерге жіктелген бе?

Бірегейлендірудің бастапқы қадамы

Қаламгерлер ордасында өткен жиынға қайта оралайық. Онда кезегімен сөз алған аға буын өкілдері ұлттық құндылық турасында әр қырынан әңгіме өрбітті. Жазушы-журналист, белгілі зерттеуші, ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы «Бабалар болжамы – өткеннен сабақ, болашаққа қанат» атты баяндамасында жаратылыс заңдылықтарына қатысты қазақи болжамдар, амалдар, ауа райына қатысты болжамдар турасында кеңінен толғады. С.Бекмұратұлының айтуынша да елімізде белгілі бір мезгілде болған ауа райы өзгерісіне қатысты жалпы халық өзге мәдениеттің (әсіресе, орыс-славян мәдениетінің) амал-есептерін көбірек меңзеп жатады. Ал оның осы далаға ең үйлесетін қазақы өз нұсқамыздың бар екенін білмейді, білсе де ескермейді. Сондықтан зерттеуші жаратылыс құбылыстарына қатысты қазақы болжамдарды жүйелеп, оқу бағдарламаларына дейін енгізіп, қоғамға кең насихаттау керек деп санайды. Бұл ұлттық құндылықтарды қорғау мен дамытудың маңызды қадамы екеніне сенімді.

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бибизия Қалшабаева қазақтың салт-сана жоралғылары жаңа буынға тиімді жолда жеткізілмей жатқанына тоқталды. Турасында, ұлттық құндылықтың үлкен бір саласы болған салт-сананы жастарға насихаттау жұмыстары жеткіліксіз дейді ұстаз. Ал Нұр-Мүбәрак университетінің ұстазы, этнограф-ғалым Досымбек Қатран кейбір жат діни ағымдардың аяқ алысына тұсау салу үшін Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы қазақы пайымға, ұлттық пәлсапаға үлкен мән беруі керек екенін қосымшалады. Болашақ имамдарға сабақ беруші ұстаз Д.Қатыран қазақтың ырым-тыйымдарының астарында, салт-жоралғыларының арқауында жатқан үлкен өміршеңдік мәнді ашу арқылы қоғамның қызығушылығын оятуға болатыны жайында тамаша мысалдарды келтірді. «Сыр дидары» басылымының бас редакторы Сәкен Алдашбаев салт пен сана, ырым мен тыйым ұғымдарының аражігі, айырма мәндері туралы тұжырымдарды ортаға салды.

Міне, осы талқы үстелінің өзінде көрінгендей, шынымен де, ұлттық құндылықтарды әр сала өкілдері әр қырынан қарастырады. Және баяндама иелерінің пікірінше, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жеткілікті деңгейде емес. Бірақ осы ұлттық құндылықтардың заманаға сай трансформациялануы турасында да сөз болды. Осы тұрғыдан қарағанда, ұлттық асыл мұрат жолында, еліміздегі ұлттық құндылықты, тілді және жалпы мәдениетті бірегейлендірудің бастапқы қадамы анықталғандай. Яғни ұлттық құндылықтарды жүйелеп, оларды жалпы қазақстандық құндылыққа айналдыра алғанда ғана оны ұлттық бірегейлігіміз ретінде өзге жұртқа көрсете аламыз. Онсыз біз өзге жұрт үшін басқа бір мәдениеттің немесе қойыртпақ мәдениеттің өкілі ретінде танылып, түбегейлі ұлттық мұратқа жету барған сайын алыстай беретіндей.