Ұлттық банк жаңа коллекциялық монеталарын айналымға шығарады

Ұлттық банк жаңа коллекциялық монеталарын айналымға шығарады
Сурет: Nationalbank.kz

BATYR BEINESI коллекциялық монеталарды шығара бастады.

Қазақстанда BATYR BEINESI коллекциялық монеталар айналымға шығартын болды. Бұл туралы мамырдың 18 күні Ұлттық банктің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толады. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты жаңа серияны ашады.

«Street art. BATYR BEINESI жаңа монетасы заманауи өнер мен Батырхан Шүкеновті мәңгі есте қалдыру секілді бірден екі мағыналық желіні біріктіреді. Бұл – ҚҰБ-тың стрит-арт сияқты қазіргі заманғы жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы коллаборациялық монета жобасы»,- делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Монетаның дизайнында Қазақстан стрит-артының ең жарқын жұмыстарының бірі — REPAS командасының «Батыр бейнесі» граффитиі бейнеленген. Авторлардың бастамасы бойынша оны монетаның дизайнында пайдалану құқығы ҚҰБ-қа өтеусіз негізде берілді.

Монеталар proof сапамен күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 5 000 дана.

Коллекциялық монеталар нақты құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банк шоттарында аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.