Ұлттық банк теңгенің нығаю себептерін атады

Ұлттық банк теңгенің нығаю себептерін атады
Сурет: ашық дереккөз

Шілдеде еліміздің мемлекеттік борышына шамамен 100 млрд теңге қаражат салынды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Биыл шілде айының соңында теңге бағамы 1 доллар үшін 445,89 теңгеге дейін немесе қаңтар-шілде айларында 3,6 пайызға нығайды. Шілде айында теңгенің 1,4 пайызға нығаюына мұнай бағасының өсуі, бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялауы себеп болды. Шілде айының өзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышына шамамен 100 млрд теңге қаражат салынды», - деді ол.

ҰБ төрағасы орынбасарының айтуынша, республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан шілде айында 591 млн долларға валюта сату да теңгеге қолдау көрсетті. Валютаны міндетті сату үлесі 1 шілдеден бастап 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетілгеннен кейін квазимемлекеттік компаниялардың валюта сату үлесі шілде айында 195 млн доллар болды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюта сатып алуы шілде айында 240 млн долларды құрады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өз активтерінің валюталық үлесін 15 пайызға дейін біртіндеп көтеруді жоспарлап отырғанын атап өтейін. Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенциялар жүргізбейді», - деді Виталий Тутушкин.