Фатима Қозыбақова, тарихшы, профессор: Конституция Қазақстанды президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады

Фатима Қозыбақова, тарихшы, профессор: Конституция Қазақстанды президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады
сурет: Almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік саяси жүйенің негізгі тұғыры - президенттік басқару жүйесі осы конституцияда алғаш рет заңдастырылды.

1995 жылы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрлыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. Фатима Қозыбақова Almaty-akshamy.kz тілшісімен сұхбаты барысында айтты.

Ата Заң - елдің Ар- намысы.

«Қазақ елі өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын Ата Заңын қабылдады. 1995 жылы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрлыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Ресбупликасының жаңа конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы мемлекетіміздің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы болып табылады. Конституция Қазақстанды президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Мемлекеттік саяси жүйенің негізгі тұғыры - президенттік басқару жүйесі осы конституцияда алғаш рет заңдастырылды», - деп атап өтті профессор.

Оның айтуынша, Ата заң қабылданғаннан кейін оған 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгертулер енгізілді.

«2007 жылғы 21 мамырда конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуімен байланысты, ол елдің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару түріне өтуін заң жүзінде баянды етті. Мұндай қадам демократияны дамыту мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Қазакстан Республикасында жүзеге асырылып отырған саясаттың оң нәтижесін берді. Бұл реформа заман талабынан, тарихи қажеттіліктен туған еліміздің алға басуының, ілгерілеуінің маңызды алғышарты болды», - дейді Ф.Қозыбақова.

Осылайша еліміз саяси жаңарудың, демократиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

«Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің полиэтникалық әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық, - деп айтты Фатима Ақынбайқызы.

Профессор айтып өткендей, Қазақстан ұлттық мүдделерді және әлемдік даму үрдістерін ескеретін саяси құрлыстың өзіндік үлгісін жасады. Конституциялық эволюция мен құқықтық жүйені сатылап реформалау нәтижесінде елімізде мемлекеттік биліктің теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптасты. Республикада мемлекеттік билік заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліну қағидатына сәйкес жүзеге асырылды.

«Біздің конституциямыз халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті, - деп атады Қозыбақова.

Осы өткен 26 жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз тарихын жасауға қолайлы жағдайлар туғанын айтты тарихшы.

«Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихшылары халқымыздың сан ғасырлық тарихын өмір шындығына сай зерттеу мен насихаттау, ұлттық рухты әспеттеуге, тәуелсіз отанымыздың нағыз патриоттарын тәрбиелеуге қызмет етіп келеді», - дейді ол.

Ол бүгінде еліміздің жарқын болашағына нық сеніммен қарайтынын айтты.

«Жалпы тілегім: тағдыр елімізге өркениетті мемлекеттердің алдыңғы легінде орын алуды нәсіп етсін!», - деді тарихшы.