Үлкен Алматы өзенінің арнасы тазартылмақ

Үлкен Алматы өзенінің арнасы тазартылмақ
Сурет: Almaty.tv

Департамент мамандарының сөзіне сенсек, мониторинг жұмысының нәтижесі 1 аптада айқын көрінеді

Үлкен Алматы өзені арнасы ластанып барады. Қоқыс ордасына айналған бұл орында серуен құрып, демалу мүмкін емес, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Көктем келгенімен, Үлкен Алматы өзенінің жағдайы көңіл қуантпайды. Мұнда түрлі полиэтиленді пакеттер, пластикалық қағаздарды кездестіресіз. Қазірдің өзінде жағымсыз иіс шығып, жаяу жүргіншілер аумағы қоқысқа толған.

«Қазіргі таңда экология басқармасының басшылығымен комиссия құрып отырмыз. Алматы қаласы бойынша мониторинг жүргіземіз», – деді Экология департаментінің ресми өкілі Әділ Нұрпейісов.

«Сайран көлінің жан-жағында биыл қоршау жасау жұмысы басталады. Былтыр Есентай өзенінің бойына жасадық», – деді Экология және қоршаған орта басқармасы Су және суды қадағалау бөлімінің бас маманы Есбол Ибрагимов.

Департамент мамандарының сөзіне сенсек, мониторинг жұмысының нәтижесі 1 аптада айқын көрінеді. Қоқыстан бөлек, алаңдатар жайт тағы бар. Ол - қоршауларға салынған есірткі сататын интернет дүкендердің трафареттік жарнамасы. Баспалдақтар мен жаяу жүргіншілер жолының жағдайы да мәз емес. Жағалау абаттандыруды қажет етеді. Бұл мәселелерге қатысты мамандар алда жұмыс жалғасады деп сендірді.