Ұлы күйшіге құрмет көрсетілді

Ұлы күйшіге құрмет көрсетілді
almaty-akshamy.kz

Алматыда ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Сарыарқа» атты концерт өтті.

Құрманғазы оркестрінің концерт залында ұлттық саз өнерінің жарқын бейнесі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Сарыарқа» атты концерт өтті. Кеш қонақтары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары Біржан Әлиев, Азамат Шынаров, Әсел Алина жеке өнер көрсетті.

Айта кеткен жөн, биыл Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы аясында республикалық деңгейде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұлттық оркестр ауқымды іс-шаралар мен дәулескер күйші атындағы кіл мықтыларды анықтайтын республикалық конкурс ұйымдастырады.

Бұған дейін мұндай мерейтой 2018 жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген. Алайда, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының дүниеге келген жылы туралы сан түрлі болжам мен ақпарлар айтылуда. Кей дереккөздері 1806 жыл десе, кей жинақтарда 1818 жыл деп көрсетілген. Алайда, Мұхтар Әуезов атындағы өнер университетінің зерттеулеріне сәйкес, 1823 жыл деп бекітілді. Күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы – күйлерінде азаттықты аңсап, бостандықты жырлап өткен дара тұлға. Қазақ ұлтының бай мұрасын «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» және тағы басқа мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлермен толықтырды.