Ұлы дала жәдігерлері мәдениеттің айрықша үлгісі

Ұлы дала жәдігерлері мәдениеттің айрықша үлгісі
almaty-akshamy.kz

Мегаполистегі Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде дәстүрлі және заманауи қолданбалы өнердің қайталанбас ғажап коллекциясы жинақталған.

Кеше музейден сол құнды экспонаттарды көруге келетін адамдар қарасының көптігін көріп қуанғанымыз жасырын емес. Балаларын ертіп жүрген ата-аналарға тіпті сүйсіндік.

Кешегі тарихымызды бүгінгі ұрпақ білуі, бағалап жүруі керек. Бүгінгідей гаджет, компьютер, ғаламтор, жасанды интеллект деген атымен жоқ заманның өзінде біздің ата-бабамыздың қаншалықты шебер, дарын­ды, сұңғыла, білімді, зиялы болғанын мақта­ныш еткені абзал.

Іргелі музейде өзіміздің төл туындылары­мыздан бөлек, шығыс халықтарымен бірге, батыс, орыс және кеңес өнерінің құнды жәді­герлері сақталған. Барлық жауһар бас-аяғы 14 залға топтастырылған.

***

Жинақтаманың басым бөлігі – Қазақстан кескіндемесі, графикасы және мүсіні. Олар­дың ішінде – Қазақстанның тұңғыш су­ретшісі Әбілхан Қастеевтің, сондай-ақ, Хлу­дов пен Черкасскийдің, Мәмбеев пен Телжановтың, Кенбаев пен Ғалымбаеваның, Жүсіпов пен Шәрденовтің, Сыдыхановтың, Айтбаев пен Сариевтің кескіндемелері, Си­доркин мен Зальцманның, Пак пен Әжиевтің графикалық парақтары, Наурызбаевтың, Тө­леков пен Досмағамбетовтің, Рахманов пен Мергеновтің, Рапопрот пен Есенбаевтың мүсіндік жұмыстары бар.

Мұражай қорында кеңес өнерінің даму тарихын жүйелеуге қажетті жәдігерлер де жеткілікті. Розанова мен Петров-Водкин, Фальк пен Кузнецов, Сарьян мен Таңсықбаев, Никонов пен Андроновтардың қолтаңбалары сақталған. ХVIII-ХХ ғасырлардағы орыс өнері қорынан Рокотов пен Левицкийдің, Бо­ровикоский мен Кипренскийдің, Верещагин мен Айвазовскийдің, Репин мен Крамской­дың, Саврасовтың, Шишкин мен Левитанның түпнұсқа туындыларын да көруге болады.

Мұражай коллекциясынан төрт ғасырлық Еуропа өнерінің бейнесін көрсететін ХVI- ХIХ ғасырлардағы Италия мен Францияның, Голландия мен Фландрияның, Германияның, Англия мен Австрия суретшілерінің жұмыс­тарын да табасыз. Ал Шығыс елдері өнерінің қоржынын Қытай, Жапония, Үндістан затта­ры мен дұңған, ұйғыр, корей шеберлерінің жекелеген туындылары да толтырып тұр.

***

Жалпы, музей қорындағы экспонаттар саны 25 мыңнан асып жығылады. Әрине, экспонаттардың басым бөлігі өзіміздің ұлт­тық өнердің, оның ішінде ХІХ-ХХ ғасыр­лардағы қазақ қолданбалы өнерінің бай коллекциясын ұсынады. Олардың ішіндегі ең көбі және көз тартатыны – күмістен жа­салған зергерлік бұйымдар, киіздер мен те­кеметтер, түкті және тақыр, кестелі кілем­дер. Мұражай коллекциясында ағаш пен теріден жасалған бұйымдар да бар. Біз бүгін осы жәдігерлер туралы аз-кем тарқататын боламыз.

ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ қолданбалы өнерінің көзіндей болған бұл бұйымдар му­зейдегі жоғарыда айтып кеткен14 залдың көшін бастап тұр. Яғни өнер ордасын тама­шалуға келген адам әуелі осы бұйымдар сақталған 1-ші залдың табалдырығынан ат­тайды.

***

Ер-тұрман – көне заманнан бүгінге сәнін, мәнін жоғалтпай жеткен, көшпелілер тұрмы­сында айрықша орны болған заттық мәде­ниеттің айрықша үлгісі. Өмілдірік, құйыс­қан, тоқым, тебінгі, ішпек, желдік, шідер, жона, кежім, аткөрпе, жабу, үзеңгі, жүген дегеннің бәрі осы ер-тұрманмен байланысты атаулар, яғни оның құрамдас бөліктері. Әр­қайсысының атқарар қызметі бар және жаса­лу жолы да бөлек.

Мәселен, тоқым – ер-тұрманның аттың арқасына батпауын қамтамасыз етеді. Киіз­ден сырып тігіледі де, кейде оның айнала жиегі матамен көмкеріледі, ал кейбір то­қымның сырты түгелдей былғарымен жабы­лады.

Тебінгі – төмен қарай жалғастырыла тігілген немесе тағылған, шалбардың бала­ғын, аяқкиімді аттың терінен сақтайтын жалпақ қалың былғары.

Ішпек – ат арқасына ердің батпауы үшін тебінгі тоқым астынан салынатын, аттың арқасын зақымдалудан қорғайтын жұмсақ төсеніш.

Ішкілік – ішпек астынан салынатын өте жұмсақ таза талдырмадан жасалған көлемі ішпектей ғана жалаң төрткүл киіз.

Желдік – тоқымның үстінен, ердің екі қапталының астынан қойылатын, қаптал ағашын ат арқасына тигізбей тұратын екі бөлек жабдық.

Жона – аттың арқасын ердің қажауынан қорғап тұру үшін ердің екі қапталына ғана келетіндей етіп былғарыдан жасалатын ық­шам келген қалың тоқым.

Кежім – жүйрік атқа жабатын, оюлап әшекейленген, жұқа шүберек жамылғы.

Жабу – атты суықтан қорғау үшін жаба­тын киіз, көрпе, жамылғы. Бәйгеге қосыла­тын аттың арам терін алу үшін де қатты желдіртіп, кейін жылы жабумен орап, терін шығарады.

Үзеңгі – атқа мінуге, ер үстінде отырған­да екі аяқты тіреп орнықты отыруға, әрі тебінуге мүмкіндік беретін әбзел.

Жүген – мініс атының басына кигізілетін ат басын қалаған жаққа бұруға, тежеуге, көлікті адам ырқына көндіруге қажетті әбзел.

Құйысқан – ат арқасына салынған ер-то­қым мойнына қарай сырғып кетпеу үшін ат­тың құйрық түбінің астынан өткізіліп, ерге бекітілетін әбзел.

Өмілдірік – ер-тоқымның артқа қарай сырғып кетпеуі үшін ат омырауына тағыла­тын әбзел.

***

Асыл тастардан, күмістен жасалып, ал­тын жалатылып, ою-өрнектермен көмкеріл­ген зергерлік бұйымдар кез келген қыз-келін­шектің ажарына ажар қосқан.

Алқа – омырауға тағатын, көбіне күміс­тен жасалатын көркемдік бұйым.

Білезік – күмістен, алтыннан соғылады. Жасалуына қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сағат білезік, топсалы білезік, бұрама білезік, қос білезік, т.б. түрлері бар.

Жүзік – қымбат тастардан көз орнатыл­ған жалпақ сақина түрі. Оның еркектер де, әйелдер де салатын түрлері болады. Отау жүзік, құдағи жүзік, қарала жүзік, ақық жүзік деген атауы бар.

Қапсырма – әйел камзолына, шапан сияқ­ты киімдеріне тағылатын түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым. Кейде әдемілік үшін бірінің астына бірі, бірнешеуі қатар тігілетін болған.

***

Киіз – қойдың күзем жүнінен басылған, үй тұрмысында пайдаланылатын бұйым. Киіз қазақ жеріндегі көшпелі тайпаларда б.з.б. 1-мыңжылдықта белгілі болған.

Киізден сырт киім, байпақ (аяқкиім) тік­кен, оны тек үйді жабу үшін ғана пайдаланып қоймай, киіз үйдің ішкі жасау-жиһаздарын, өзге де тұрмыс-тіршілікке қажет заттарды тігуге де қолданған. Халық шеберлері қазіргі кездің өзінде киізден қоржындар мен дорба­лар жасайды.

Ақшаңқан киіз ақ қойдың жүнінен басы­лады. Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ жасалады. Басылатын жүннің мөлшерін, жарамдылығын айыра алатын, шабақтау мен тартуға шебер адамды киізші дейді. Киіз қазір фабрикаларда арнау­лы станокпен басылады.

Бір ғана киізден жасалатын бұйымдарды тізіп шығар болсақ, киіз есік, туырлық, түндік; аяқ қап, әбдіре жапқыш, керме, кесе қап, қар­шын, тұс киіз, тұтқыш, шайнек қап, ірге киіз, от киіз; киіз етік, киіз қалпақ, пима және т.б.

***

Сандық – киіз үйдің ағаш жиһаздарының бірі. Оған киім-кешек, қымбат бұйымдар са­лынады. Қазақ шеберлері сандықты қайың, қара тал ағаштарының сүрегінен жасаған. Сыртынан көркем етіп темір, мыс жапсырма­мен, қатырма ою-өрнектермен безендіріледі. Сандықтардың тұрмыста қолданылуына қа­рай көлемі де әртүрлі. Кіші сандықтар 30–60 сантиметр болса, үлкендері 60–120 санти­метрге дейін жетеді.

Ол көшпенді халықтар үшін өте қолайлы болған. Сандықты жерге қойғанда түбі дым тартпау үшін, оның астыңғы төрт бұрышымен үйлестіре тақтайдан бұрыштан аяқ орнатады. Сандықтың беті әртүрлі бояумен сырланып, өрнектеледі не айшықты қаңылтырмен, кейде өрнекті сүйекпен қапталады.

«Аlmaty-akshamу», №84, 15 шілде, 2023 жыл