Үкімет басшысы білім саласына қатысты екі министрге бірқатар тапсырмалар берді

Үкімет басшысы білім саласына қатысты екі министрге бірқатар тапсырмалар берді
Сурет: Primeminister.kz

Үкімет отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрлігі  мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауыл балаларын қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауы тиіс. Оны «Bilimdi Últ» ұлттық жобасымен жедел үйлестіру қажет. Жалпы, «Bilimdi Últ» ұлттық жобасының жоспарланған барлық көрсеткіштеріне қол жеткізуі керек», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Премьер-Министр мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігіне биылғы 1 қарашаға дейін мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырды.

«Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтсын», - деді Үкімет басшысы.

Смайылов атағандай, өңір әкімдіктері   жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында   мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде   колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етуі керек.

«Ғылым және жоғары білім министрлігіне   Қаржы,   Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп,   еліміздің өңірлік   жетекші мемлекеттік университеттерінің базасында   Академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтауды тапсырамын. Осы жұмысты үйлестіру және бақылау Ералы Лұқпанұлына жүктеледі», - деді ол.