Тұрмыста газды пайдалану ережесін сақтаңыз

Тұрмыста газды пайдалану ережесін сақтаңыз

Сала мамандары тұтынушыларды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Табиғи газ үйімізге жылу мен жайлылық сыйлайтыны сөзсіз. Бірақ, оны ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалану - бізге міндет.

Алматыда күн күрт суытып, аяз болған кезде, табиғи газбен жұмыс істейтін газ жабдықтарын пайдалану кезінде жазатайым оқиғалар жиілеген. Бұл туралы Әлеуметтік қызметтер үйінде Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандары, қалалық ТЖД өкілдері мен сервистік қызмет өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

«Бірінші кезекте жауапкершілік тұтынушылардың өздерінде болуы тиіс. Одан кейін сервистік қызметтерге жүктеледі. Газ жабдығын дұрыс пайдаланбағаны үшін 30-дан 100 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Тұтынушылар газ аспаптарына байланысты кім қызмет көрсететінін біліп, жылына бір рет тексеру жүргізуі керек», – деп атап өтті Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин.

Мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан орын алады.  

«Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тұтынушылардың салғырттығынан орын алады. Себебі, тұрғындар мұржалардың тазалығын (бітелуді) бақыламайды, мұржаны дұрыс қоспайды, осындай себептерден кейін оның тұтастығы бұзылады. Сонымен қатар, газ аспаптарында газды сөндіретін автоматиканың болмауы, оларды қараусыз қалдыру, тұрақты техникалық қызмет көрсетуді елемеу секілді немқұрайлы көзқарас та кейде қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады. Тағы бір себеп – техникалық қызмет көрсету жұмыстарының уақтылы орындалмауы, яғни, қызмет көрсететін компаниялар кестеге сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізу үшін мекенжайларға кіре алмайды. Міне, бұл да апатты жағдайлардың орын алуын туындатады», – дейді Инфрақұрылымды дамыту басқармасының лифт, газ және қазандық жабдықтарын бақылау бөлімінің бас маманы Динара Жусанбекова.

Бас маманның айтуынша, газ жабдықтарын, қазандарды, баллондарды және қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде пайдалану қауіпсіздігі бойынша айлықтар жиі өткізіліп тұрады.

Егер үйіңізде газдың иісін сезсеңіз, бірден терезелер мен есіктерді ашып, үй-жайды желдетіңіз. Мұндай кезде электр аспаптары мен жарықты қосуға немесе өшіруге болмайды. Дереу 104 телефонына хабарласып, шұғыл газ қызметін шақыру қажет. Оны техникалық қызмет көрсету бойынша сервистік компанияға қатысты басқару органына (ПИК, МИБ, ПТ және т.б.) жүгіну арқылы немесе түбіртектерде көрсетілген байланыс нөмірлері бойынша нақтылауға болады. Ал газбен жабдықтау жүйелері мен газ жабдықтары объектілерінің қауіпсіздік талаптарын бұзу мәселелері бойынша басқармаға (Достық даңғылы, 85, тел.225-14-19) жазбаша хабарлама қалдыра аласыз.  

Басқосудан кейін сала мамандары жекелеген үйлердің газ қондырғыларын тексеру бойынша рейд жүргізді. Рейд барысында тұрғындарға газ қондырғыларын пайдалану кезінде барынша абай болуға, қандай да бір олқылық байқаған жағдайда дереу арнайы сервистік қызмет көрсететін орталықтарға хабарласуға кеңес берді. Сонымен қатар, газ аспаптарын пайдалануға арналған қауіпсіздік шаралары туралы арнайы парақшалар таратты.