Түркияда зілзаладан көз жұмғандар саны 46 мыңға жуықтады

Түркияда зілзаладан көз жұмғандар саны 46 мыңға жуықтады
сурет: ria.ru

Зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, олардың 4 267-сі - Сирия азаматы.

Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу Хатай провинциясындағы өңірлік AFAD үйлестіру орталығында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, олардың 4 267-сі - Сирия азаматы», - деп мәлімдеді Түркия ІІМ басшысы.

Сондай-ақ ол алғашқы жер сілкінісінен кейін 13 мыңнан аса қайта дүмпу тіркелгенін атап өтті.
«Жалпы саны 26 300 ғимарат қирады. Олардың 26 032-нің қираған орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимараттар қирады.