Төл теңге – төрімізде!

Төл теңге – төрімізде!
almaty-akshamy.kz

15 қараша – еліміздің Ұлттық валютасының, яғни төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Ұлттық валюта – бұл елдің заңмен белгіленген ақша бірлігі. Валюта (итал. voluta – құн, баға) – тауарлар құнының шамасын өлшеу үшін пайдаланылатын ақша өлшемі. Бүгінгі күні өзіміздің валютамыз да елдің қаржылық Тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды.

«Денге» мен «Таңға»

Сәл шегініс. Біз Кеңес Одағының ақша­сымен өскен ұрпақпыз. Мектепте оқып жүргенде ата-анамыз берген 20 тиынды алып, асханаға қарай құстай ұшатынбыз. 20 тиынға төрт прәндік келетін. Бертінде, студент болғанда 3 сомға бір торт алып, ауылдан келген сәлемдемені «жуатын­быз». Ал ұлттық валютамызды қолымызға 4-курста оқып жүргенде ұстадық. Әрине, мақтаныш болды. Ол енді есейе бастаған, ел іргесіне бір кірпіш болып қалануды мақсат тұта бастаған шағымыз болатын.

АҚШ-тың доллары, Қытайдың юаны, Швецияның кроны, Кувейттің динары бар, ал біз кімнен кем едік, өз алдымызға отау құрып, егемен ел атанып, осыдан 29 жыл бұрын біз де төл валютамызды шығардық.

Иә, Қазақстан жаңа Ұлттық валютасын енгізу қадамын 1992 жылы бастап кетті. Алдымен құрамына Меңдібай Әлин, Ти­мур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайролла Ғабжалилов сынды жоғары дәрежелі мамандар кірген арнайы комис­сия құрылып, олар жаңа валютаны әзірлеу жұмысына бірден кірісіп кетті. Жаңа валю­таның кескінін дайындау жұмыстары біздің Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілген.

Жаңа валютаның атауын «теңге» деп атау туралы шешім қабылданады. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады деді сарапшылар. Ал қағаз ақшаға халқымызға белгілі ақын-жа­зушы, ғалым, ойшылдардың бейнелерін салу ұйғарылды. 1992 жылдың тамызында Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгі­лерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға жол тартады.

Біздің мемлекетте ақша бастыратын фабрика жоқ еді. Құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болған. Тегеурінді әрі жедел жұмыстардың нәтижесінде Ұлыбри­танияның Harrison & Sons деп аталатын шағын отбасылық баспаханасы қағаз ақ­шамыздың бірінші партиясын басып шы­ғарды. Бұл жұмыс оларға бүкіл әлемге танымалдылық және ең жақсы экспорт­тық тауар үшін патшайым II Елизавета­ның алтын белгісін алып келді. Ал алғаш­қы металл монеталарымыз Германияда жезден және никель күмістен жасалды. Шетелде әзірленген ақшаларымыз елге жалға алынған «Ил-76» ұшағымен тасып әкелінген. Сөйтіп, 1993 жылғы қараша­ның 13-і барлық газет ағартушы әл-Фара­би, дәулескер күйшілеріміз Сүйінбай мен Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан бейнеленген жаңа валютамыздың суреттерін берді.

Ал 15 қарашада сағат 08.00-ден Қа­зақстан Республикасының ұлттық валю­тасы – теңге айналымға енгізіліп, 18 қара­шада сағат 08.00-ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады. Осы жылы қараша­ның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде «валю­та айырбастау» пункттері ашылып жатты.

Кейінірек Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыз 18 деңгейлі қорғаныс қабатына ие, қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады. Демек, дамыған елдер валютасымен бәсекеге тұра алады. Осы орайда үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 жылдары әлемдегі ең әдемі ақша (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар) деп танылғанын да атап өтейік.

Аяқ астында жатпасын

Теңге десе, елге белгілі сатирик, марқұм Үмбетбай Уайдин ұстазымыздың еске оралатыны бар. Ол кісі менің диплом жетекшім болған. Сондай жұмсақ, мейірімді жан еді. Бірде дәріс кезінде пат­риоттық сезім, отаншылдық туралы сөз болғанда, айтқан әңгімесі бар-ды.

– Жерде жатқан тиынды көрсем, мін­детті түрде көтеріп аламын. Ол 1 тиын болсын, 5 тиын болсын, мейлі. Сосын үйге әкеліп ыдысқа жинай беремін. Бұл ісіме үлкен екенмін деп намыстанбаймын. Бұл менің ұсақтығым емес, керісінше, ұлттық символымызға деген құрметім деп білемін. Себебі, әр тиында елдігіміздің басты белгісі – Елтаңба бейнеленген. Ал мемле­кеттік рәміздеріміз жерде жатпауы керек, табанға тапталмауы тиіс, – деген еді үлкен жүректі ұстаз. Бізге де төл теңгемізді құр­меттеп жүрсін деп құлаққағыс қып айтқа­ны екен-ау. Расымен де, біле-білген адамға елдігімізді айғақтап тұрған мемлекеттік рәміздерді қастерлеуде ұсақ-түйектік бол­маса керек.

Ыдысқа жинау демекші, біздің бір та­ныстарымыз болды, қыз бен жігіт. Екеуі алғаш көңіл жарастырып жүрген кезде жігіт 3 литрлік банкаға 1 тиындарды жи­най бастады. Ол да сол аяқасты болмасын деген ниетпен жинаған секілді болып көрі­нетін маған. Кейін уақыт өте келе жігіт «Осы банка толғанда, біз үйленеміз» деп әзілдейтін. Расымен де екеуі үйленіп, бала­лы-шағалы болды. Қызық, ә?!

Жүз теңге

Күнделікті жүретін жолымызда бір ті­ленші кісі күнде отырады. Қоларбада. Екі балағы бос.

Біраз ұзап кеткен кезде:

– Қап-ай, ана кісіге неге тиын тастама­дық! – дедім.

– Менде бар ғой ақша, асханаға берген ақшаңыз, соны берейік, – деді «Күміс қа­сығым».

– Бере ғой. Қанша саласың қорабына?

– Жүз теңге! Он теңге салсам, ауруха­наға баруына жетпей қалып жүрер, – деді уайым жеген көңілмен.

Төл теңгеміз айналымнан түспей, үл­кенді де, кішіні де қуантып, кәдемізге жа­рай бергей!

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Әлем және ақша

Алғашқы қағаз ақша Қытайда 812 жылы пайда болған деседі.

ХІХ ғасырда Аляска­да теріден ақша жасайтын болған.

Ежелгі кельт тайпа­сында «о дүниеде қайтарамын» деп серттесіп, қарызға ақша алатын болған.

Ал ежелгі Грекияда қарызы бар адам мойнына арнайы тақтайша іліп жүрген көрінеді.

Ескендір Зұлқарна­йын – тиындарда өз бейнесін орнатуға алғаш бұйрық бер­ген патша.

Сауд Арабиясында тек әйелдер жұмыс істейтін банк бар.

Канадада кезінде динозавр бейнелен­ген тиындар шыға­рылған.

Алғаш рет несие

АҚШ-та 1937 жылы рәсімделген.

Бір банкнотада жүз мыңдаған микроб­тар өмір сүреді.