Теміржол қауіптілігі жоғары аймақ болып қала береді

Теміржол қауіптілігі жоғары аймақ болып қала береді
Сурет: Rail-news.kz

Бұл туралы Қазақстан теміржолшысы басылымы мәлімдеді. 

Осы жылдың басынан бастап теміржол өткелдерінде үш жол-көлік оқиғасы тіркелсе, тағы үш жол-көлік оқиғасы жеке кірме жолдар өткелінде орын алған,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz жоғарыда аталған басылымның деректеріне сүйеніп.

Барлық орын алған ЖКО себебі – автокөлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы. Жүргізушілер жақындап қалған пойыз алдына, шлагбаум жабылған кезде өтпедегі дабылдың тыйым салуына қарамай жолға шығып кеткен. Мұндай бұзушылықтар адамдардың жарақаттануына, пойыздар жүру кестесінің бұзылуына, ЖКО-ның барлық қатысушыларына материалдық зиян келтірді. Жолаушылардың, жүргізушілердің және локомотив бригадалары қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төнді.

ҚТЖ жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және теміржол өткелінен өту кезінде өте мұқият болуға шақырады. Пойызды бірден тоқтату мүмкін емес: төтенше тежеуді қолдана отырып, машинист пойызды тек 800-1000 метрден кейін тоқтатады.

Сондай-ақ, теміржолшылар үшін алаңдаушылық туғызып отырған мәселе   қараусыз қалған малдарды басу оқиғалары болып табылады. Жыл басынан бері осындай 110 астам жағдай тіркелді. Көбінесе мал басу Павлодар, Қарағанды, Семей және Маңғыстау жол бөлімшелерінің шекараларында тіркелді. Қараусыз қалған мал пойыздар қозғалысына қауіп төндіреді.

ҚТЖ темір жол өтетін елді мекендер тұрғындарына, фермер қожалықтарының басшыларына және жеке кәсіпкерлерге, әсіресе қыс мезгілінде темір жолдың жанында үй жануарларының болуына жол бермеу туралы өтінішпен жүгінеді.